"Балам мектепке бармаймын деп жылайды": Қазақстандық әйел баласына бұралқы иттер шабуыл жасағанын айтып, шағымданды

Оралдық Оксана Митрясова 3-сынып оқитын балама бұралқы ит шабуыл жасады дейді. Бүкіл ауыл болып бұралқы иттерден зардап көріп отырғанын айтқан ол жануарларды обалсынады. Бірақ ештеңе адам өмірінен маңызды емес дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бірінші рет оқыс жағдай 2024 жылы болған.
“Кешкі уақытта мектептен қайтып келе жатқанда бұралқы иттер шабуыл жасаған. Олар топ болып жүрсе керек. Баламды қапқан иттің жасы шамамен 5-6 жас болған. Ол желке тұсына шапқан, арқаға асатын сөмкесі жыртылған, тізесін жырып алған. Қатты қорыққаннан үйге жылап келді. Барып қарасам, 5-6 ит жүр екен. Олар тастанды ма, әлде бұралқы иттер ме, нақтысын білмедім. Тізесіндегі жараны үйден емдедік, полицияға жүгінбедік. Орал қалалық ветеринариялық станциясына арыз түсірдім. Олар алғашында келіп, иттерді аулап жүрді. Бірақ олар өлтірмейді ғой, аулап, зарарсыздандырып қайта жібере салады”, – дейді Оксана Анатольевна.
Қазір баланың жағдайы жақсы, бірақ сонда да сақ жүреді дейді әйел. Иттердің балаға ғана емес, ересектерге де жиі шабуыл жасайтынын айтады. Оның сөзінше, ата-ана үнемі балаларды мектепке шығарып салып, қарсы ала алмайды. Өздері де қорғану үшін таяқ ұстап жүреді.
“Екінші жағдай да балама тап берген. Абырой болғанда, сол жерде ер адам өтіп бара жатып, иттерді қуып жіберіпті. Қазір балам иттерден қатты қорқып қалған. “Мектепке бармаймын” деп жылайтын. Су тасқыннан соң саяжайда тұратындар асырап отырған итерін тастап кетті. Олар қазір құтырған итке айналған. Басында тамақ беріп тұратынбыз, кейін аулаға кіріп, басынып алды. Өзім үйде үш ит асырап отырмын. Оларға уақытылы күтім жасаймын, тамағын, дәрісін беремін, байлаулы тұрады”, – дейді әйел.
Бұралқы иттер жергілікті тұрғындардың үй жануарларын да қоймай жеп кеткен.
“Бұралқы иттерді аулап, ұйықтатып тастау керек деп ойлаймын. Өйткені олар көбейеді. Үйдегі иттер байлаулы тұрады, дәрісі салынған, уақытылы тамақ беріледі. Ал иесіз иттер аш. Олар дүкеннен азық-түлік алып келе жатқан ересектерге де тап береді. Ит қауып алған жағдайлар да болды. Баланы қапқан бұралқы иттерден ауру жұқтыруы да мүмкін. Олар қоқыс тасиды. Тіпті, адамдардың үйінде асырап отырған мысықтарын жеп тастаған. Қоян мен тауықтарын да жеп кетіп жатыр. Менің төрт мысығымды жеп кетті. Төртіншісін марғауларын туған соң екінші күні жеп тастады. Не болса да осы бұралқы иттердің мәселесін бір жақты ету керек. Бұлай кете берсе, олар көбейе береді. Олар үлкені бар, кішісі бар үйір боп жүреді, бір үйірде кем дегенде 6-7 ит, көп болса 15-ке дейін барады. Әрине, обал. Бірақ балалардың да басын қатерге тігіп отыра алмаймыз”, – дейді Оксана.
Орал қаласының әкімдігі тұрғындардың мәселесінен хабардар. Сондықтан қаладағы санитарлық және қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, стерилизациялау, сәйкестендіру және күтіп-ұстау бойынша байқау өткізген. Нәтижесінде 2026 жылға қаңғыбас жануарларды аулау бойынша мердігер ұйым ретінде "Өркен" ЖШС бекітілді.
“Ал жануарларды стерилизациялау, сәйкестендіру және күтіп-ұстау жұмыстары "Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті" КеАҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымына жүктелді. Қаңғыбас жануарлармен жұмыс 2021 жылғы 30 желтоқсандағы №97-VII "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңына сәйкес жүргізіліп жатыр. Аталған заңға сай жануарлар санын реттеу үшін оларды жойған жоқ, биостерилизациялады”, – деп мәлімдеді әкімдік.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірден бүгінге дейін қалада 283 қаңғыбас ит пен мысық ауланды. Оның ішінде 205 жануарға стерилизация, дегельминтизация және вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп, сәйкестендіру базасына енгізілгеннен кейін табиғи мекендеу ортасына қайта жіберілді. Сонымен қатар бұрын стерилизацияланған 78 жануарға қайта вакцинация жасалып, мекендеу ортасына жіберілген.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бұралқы иттер ұсталған соң бес күннен кейін эвтаназия жасалатыны туралы хабарлаған едік. Жануарларды панажайда ұстау мерзімі шектеледі: қаңғыған жануарлар – 5 күнге дейін, ал үй жануарлары – 60 күнге дейін. Осы уақыт ішінде иесі табылмаса, эвтаназия жасауға рұқсат берілуі мүмкін.
Алайда зооқорғаушы және блогер Темірлан Тоспаев Қазақстан президентін жануарларға қатыгездік жасауға жол ашуы мүмкін нормалардың қабылдануына жол бермеуге шақырды.
Тоспаев жануарларды жаппай жою мәселенің шешімі емес, керісінше оны ушықтыратынын атап өтті. Ол бүкіл әлемде жануарлар санын реттеудің жалғыз тиімді бағдарламасы – ұстау, стерилизация, вакцинация және тіршілік ортасына қайта жіберу жүйесі екенін еске салды.
Егер осы уақыт ішінде жануарды ешкім алып кетпесе және жаңа иесі табылмаса, эвтаназия жасалады.
"Балам мектепке бармаймын деп жылайды": Қазақстандық әйел баласына бұралқы иттер шабуыл жасағанын айтып, шағымданды
Оқыңыз