Қазақстан соғыс ардагерлеріне басқа елдермен салыстырғанда көбірек төлейді

Қазақстан ТМД елдері ішінде соғыс ардагерлеріне ең жоғары төлем тағайындамақ. Жеңіс күніне орай 5 миллион теңгеге дейін берілетін біржолғы көмек көлемі өзге елдерден бірнеше есе асып түседі. Stan.kz мұндай айырмашылықтың себебін зерттеп көрді.
2026 жылы Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне Жеңіс күніне орай ең жоғары біржолғы төлемдердің бірін тағайындамақ. Елде бұл көмек көлемі шамамен 5 миллион теңгеге жетіп, Украина мен Беларусьтағы төлемдерден бірнеше есе асып түседі.
Салыстырмалы түрде алғанда, Украинада ардагерлерге берілетін көмек 11 мыңнан 60,5 мың теңгеге дейін ғана болса, Беларусьта осы көрсеткіш 715-825 мың теңге аралығында. Ал Өзбекстанда төлем көлемі Қазақстанға жуық шамамен 4,4-4,5 миллион теңге.
Ресейде базалық төлем әлдеқайда төмен шамамен 55 мың теңге. Дегенмен өңірлік үстемақыларды қосқанда, сома 440 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Дегенмен былтыр 80 жылдыққа орай ТМД елдерінде соғыс ардагерлеріне берілетін біржолғы төлем көлемінде айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, Қазақстанда ардагерлерге 5 миллион теңгеден төлем тағайындалып, өңірдегі ең жоғары сомалардың бірі болды. Сол жылы Өзбекстан ардагерлеріне шамамен 5 130 000 теңге (10 000 доллар) беріп, көш басында тұрды. Басқа елдерде төлем көлемі айтарлықтай төмен болды. Тәжікстанда шамамен 1 180 000 теңге, Молдовада 848 000 теңге, Беларусьта 783 000 теңге көлемінде белгіленді. Әзірбайжанда ардагерлер 750 000 теңге алса, Қырғызстанда 585 000 теңге болды.
Ал Ресейде төлем көлемі шамамен 500 000 теңге деңгейінде қалып, ТМД елдері арасындағы ең төмен көрсеткіштердің бірі ретінде тіркелді. Грузияда ардагерлерге 384 000 теңге көлемінде біржолғы көмек берілді.
Сарапшылар Қазақстандағы төлемақыдағы айырмашылықты әр елдің экономикалық мүмкіндігімен, әлеуметтік саясатының басымдығымен және тірі қалған ардагерлер санының азаюымен байланыстырады.
Қазақстанда ардагерлер саны айтарлықтай қысқарған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 1 ақпанда елде небәрі 69 Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері қалған. Жалпы ардагерлер саны 76 мыңнан асады, оның ішінде тыл еңбеккерлері мен басқа да санаттағы азаматтар бар.
Жыл басынан бері мұндай санаттағы азаматтарға 1,5 миллиард теңге төленген. Ал жыл соңына дейін ардагерлерді қолдауға республикалық бюджеттен 17,7 миллиард теңге қарастырылған.
Ай сайынғы арнайы мемлекеттік жәрдемақы басқа әлеуметтік төлемдерге қарамастан төленеді. 2026 жылы оның мөлшері мынадай:
- Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері 16 айлық есептік көрсеткіш (69 200 теңге);
- Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде жарақат, контузия немесе ауру салдарынан мүгедектікке теңестірілген тұлғалар 7,55 айлық есептік көрсеткіш (32 654 теңге);
- Екінші дүниежүзілік соғысы қатысушыларына теңестірілген тұлғалар 6,19 айлық есептік көрсеткіш (26 772 теңге);
- Ауғанстандағы ұрыс қимылдарының қатысушылары 6,19 айлық есептік көрсеткіш (26 772 теңге);
- ТМД шекарасын тәжік-ауған учаскесінде күзетуге, Ирактағы бітімгершілік операциясына және Таулы Қарабақтағы қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер 4,8 айлық есептік көрсеткіш (20 760 теңге);
- Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлері 2,13 айлық есептік көрсеткіш (9 212 теңге).
Министрліктің мәліметінше, төлемдер республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады және ардагерлердің барлық санатына толық көлемде беріледі.
Еліміздің қорғаныс министрлігі “Бессмертный полк” акциясына ресми түрде тыйым салынғанын хабарлаған жоқ. Дегенмен алдыңғы жылдардағы тәжірибеге сенсек, биыл да бұл шеру өтпеуі мүмкін.
Акция кезінде адамдар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан туыстарының суреттерін ұстап, көшеге шығады. Бастама алғаш рет Ресейде пайда болып, кейін басқа посткеңестік елдерге тараған. Атап өткен жөн, Ресейде 9 мамыр 1991 жылдан бері ең маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі болып саналады.
Айта кетейік, Қазақстан кейінгі жылдары Жеңіс күніне арналған әскери парад өткізуден бас тартып келеді. Әр жылдары билік бұл шешімді бюджет қаражатын үнемдеу және ресурстарды маңыздырақ бағыттарға бөлу қажеттілігімен түсіндірген. Ал 2020 және 2021 жылдары парад COVID-19 пандемиясына байланысты шектеулерге орай өткізілмеді. Былтыр ғана Астанада әскери парад ұйымдастырылып, оған шамамен 2,5 миллиард теңге жұмсалған.
Қорғаныс министрлігі оның орнына бірқатар әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, ерлік сабақтары, үздік, әскери қызметкерлер марапатталады. Бұдан бөлек:
- ардагерлерге құрмет көрсету;
- экологиялық акциялар;
- әскери оркестрлердің шеруі;
- шығармашылық ұжымдардың концерттері;
- әскери техника мен қару-жарақ көрмесі;
- "Солдат ботқасы" акциясы және ашық есік күндері бар.
Осылайша, мерекелік күндер дәстүрлі әскери парадсыз өтсе де, мазмұнды іс-шаралармен толықтырылады.
Оқыңыз