Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Саябақтарда қонып жүрмін": 21 жастағы қазақстандық балалар үйінің түлегі дала қалды

Фото: видеодан скрин

Азат Аманбаевтың жасы 21-де. Балалар үйінің түлегі. Жастайынан ата-анасының мейірімінен айырылған Азат әлі күнге дейін қорғансыз күй кешіп жүр. Балалар үйінен шыққан соң оның барар жері болмаған. Кей күндері саябақтағы орындықтарды паналап, вокзал мен тапшаңдарда түнеуге мәжбүр болған. Бірнеше күн бойы аш жүрген кездері де болыпты. Бүгінде өзі жұмыс істейтін дүкенде тұрып жатыр. 17 жасқа дейін мемлекеттің қамқорлығында болған жетім балалар неге кәмелетке толған соң көше кезіп қалады? Олар қайда тұрады, не ішіп-жейді, күнін қалай көреді? Неге олардың кейінгі тағдыры ешкімді алаңдатпайды? Қоғам неге оларға тек балалар үйінде жүргенде ғана назар аударады?  Stan.kz  тілшісі Азат Аманбаевтың қазіргі жағдайын білді.

Жастайынан ата-анасының мейірімінен айырылған Азат әлі күнге дейін қорғансыз күй кешіп жүр. Балалар үйінен шыққан соң оның барар жері болмаған. Кей күндері саябақтағы орындықтарды паналап, вокзалдар мен тапшаңдарда түнеуге мәжбүр болған. Бірнеше күн бойы аш жүрген кездері де болыпты. Соның салдарынан түрі жүдеп, киімі тозып, өмірден әбден қажыған жанға айналған. Қазір Азат өзі жұмыс істейтін дүкенде түнеп жүр. Тұрақты баспанасы жоқ. Ақшасы жетпегендіктен несие алып, қарызға батқан. Тіпті жеке куәлігін де жоғалтып алған.

17 жасымда балалар үйінен шығып, колледжге оқуға түстім. Оқуымды аяқтағаннан кейін барар жерім болмады. Содан бері әр жерде паналап күн кешіп келемін. Кейде саябақта, кейде тапшанда түнеуге мәжбүр болған кездерім де аз емес. Пәтер жалдау оңай емес.Қол қусырып отырған жоқпын, жұмыс істеймін. Курьер де болдым, күзетші де болдым, жалдамалы жұмысшы болып та еңбек еттім. Қандай ауыр жұмыс болса да атқардым. Алайда тапқан табысым пәтер жалдап тұруға жете бермейді. Балалар үйінен шыққаннан кейін өмірдің жаңа кезеңіне бейімделу маған оңай болған жоқ. Бір сәт есеңгіреп қалғандай күй кештім. Ата-анасы бар жастарға да қиын екенін түсінемін. Бірақ олардың арқа сүйейтін жақындары, қолдау көрсететін адамдары бар. Ал біздің көбімізде ондай мүмкіндік жоқ. Балалар үйінде жүргенде тамағың дайын, киімің бүтін болады. Ал одан шыққан соң үлкен өмірдің табалдырығын жалғыз аттайсың. Қоғамға бейімделу, өз орныңды табу өте қиын. Бүгінде өзім жұмыс істейтін дүкенде тұрып жатырмын. Бірақ ол да уақытша, – дейді Азат.

Фото: видеодан скрин

 

Фото: Азаттың қазір тұрып жатқан жері

Азаттың тағдыры тым ауыр. Анасы өмірден өткеннен кейін, ол 9 жасына дейін әкесімен бірге тұрған. Бірақ Азаттың айтуынша, туған үйінде көрген қиындықтардан гөрі балалар үйіндегі өмір әлдеқайда тыныш әрі қауіпсіз болған. Бұл сөздің өзі оның бала күнінен қаншалықты ауыр тағдырды бастан өткергенін аңғартады.

Мен әкеме де, анама да өкпелімін. Бірақ амал қанша? Көкірегімде қанша реніш болса да, өткенді өзгертіп, уақытты кері қайтара алмаймын. Анам ерте қайтыс болды. Ал тоғыз жасыма дейін әкемнің қолында өстім. Ол күндерді еске алудың өзі ауыр. Әкем ішімдікке әуес еді. Екі күннің бірінде мас болып келетін. Сондай сәттерде маған қол көтеріп, ұрып-соғатын. Кішкентай болғандықтан жылағаннан басқа қолымнан ештеңе келмейтін. Сондықтан үйден қашып шығып, әкемнің мастығы тарқап, ашуы басылғанша сыртта жүретінмін. Қазір ойласам, арқамдағы бүкірлік те әкемнің кезінде көрсеткен қатігездігі мен ауыр соққыларының салдары болуы мүмкін деп ойлаймын", – дейді Азат.

Фото: жеке естеліктен

Азаттың әкесі қайтыс болған соң туыстары оны балалар үйіне тапсырған. 

Мені балалар үйіне туыстарым әкелді. Ата-анаммен бірге өткізген уақыттан гөрі, балалар үйіндегі күндерімнен қалған жақсы естеліктер көп. Өмірімде алғаш рет кинотеатрға бардым, әсем жерлерді көрдім, өзіме тиесілі ойыншықтарым болды.Алайда мен үшін ең қиын кезең балалар үйінен шыққаннан кейін басталды. Үлкен өмірге қадам басқанда қатты абдырап, өз орнымды табу оңай болмады. Оның үстіне денсаулығым сыр беріп жағдайым нашарлады", – дейді Азат.

Фото: жеке архивтен

Азаттың денсаулығында да мәселелер бар. Бірақ оның емделуге де, толыққанды өмір сүруге де мүмкіндігі жоқ. Азаттың айтуынша, ол кезінде тұрғын үй кезегіне тұрған. Алайда жылдар бойы кезек жылжымаған соң, мән-жайды білуге барған кезде өзінің тізімнен мүлде алынып тасталғанын естіген. Неліктен бұлай болғанын оған ешкім нақты түсіндірмеген.

Қазір басымда бірнеше күрделі мәселе бар. Біріншіден, мүгедектігімді ресми түрде растай алмай жүрмін. Жеке куәлігімді жоғалтып алғаннан кейін оны қайта қалпына келтіру де қиынға соғып отыр. Одан бөлек, баспана мәселесі де мазалайды. Тұрғын үй кезегіне тұрғаныма біраз уақыт болды. Алайда жағдайымды тексеруге барғанымда, атымның тізімде мүлде жоқ екенін білдім", – дейді Азат.

Мұндай жағдайға тап болған жалғыз Азат емес  “Gaukhar ana” қоғамдық қорының басшысы Гаухар Танашева айтуынша балалар үйінен шыққан соң қоғамға бейімделе алмай, теріс жолға түсіп кеткендер де, ешкімге керексіз күй кешіп, өмірден өтіп кеткендер де бар дейді. 

Фото: видеодан скрин

 

Менің үйіме келіп жүрген бір бала болатын. Ол өз күнін өзі көріп, курьер болып жұмыс істейтін. Алайда оның жүрегінде ақауы бар еді, сондықтан жыл сайын дәрігерлердің бақылауынан өтіп тұруы қажет болатын. Өкінішке қарай, балалар үйінен шыққаннан кейін қараусыз қалып, дер кезінде медициналық көмек ала алмағандықтан ауруы асқынып кетті. Кейін сол бала өмірден өтті. Мұндай жағдайлар, өкінішке қарай аз емес. Меніңше, балалар үйінен шыққан жастарды да бақылауда ұстап, олардың қоғамға бейімделуіне көмектесу қажет. Алайда бізде мұндай жүйелі қолдау жеткіліксіз. Баланы "түлек" деп шығарып салады да, одан кейінгі тағдырына ешкім алаңдамайтындай көрінеді. Қайда тұрады, қалай күн көреді, не ішіп-жейді — мұның бәрі назардан тыс қалып жатады. Қоғам балалар үйіне барып, тәтті-дәмді апарып, мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысады. Бұл, әрине, жақсы іс. Дегенмен балалар үйінен шыққаннан кейінгі олардың өмірі де назардан тыс қалмауы керек. Өйткені ең үлкен қиындықтар дәл сол кезде басталады", – дейді Гаухар Танашева.

Фото:видеодан скрин

Бүгінде Азаттың барар жері де, сүйенер тірегі де жоқ. Күн сайын "Қайда қонамын? Ертең не істеймін?" деген оймен өмір сүріп келеді. Жетімдік тауқыметін бала күнінен тартқан жігіттің қазір халықтан басқа үміті қалмағандай. Азат та бәрі секілді жылы үйде өмір сүріп, алаңсыз ұйықтағысы келеді. Өйткені жетім бала далада қаңғып жүруге емес, өз шаңырағында бақытты өмір сүруге лайық. Оның арманы — байлық та, атақ та емес. Бар болғаны — басында баспанасы болып, өзін осы қоғамның керексіз емес, қадірлі азаматы ретінде сезіну.

 

Stan.kz
Сенбі, 23 Мамыр, 2026 09:00