"Шартты жазаны өзім де құптамаймын": Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сотта Zeekr жүргізушісі тағы да көзіне жас алды

Алматыда Әл-Фараби даңғылында үш адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сотталушы Александр Пак сот отырысына онлайн қатысып, куәлік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Zeekr көлігінің жүргізушісі Александр Пак тағы да сот отырысында кешірім сұрап, жазадан қашпайтынын айтты. Ол кінәсін толық мойындады.
“Мен үш отбасыға зиян келтірдім. Өзімнің және өз отбасымның өмірін құрттым. Менің де шартты жаза алып кететін ойым жоқ, оны құптамаймын. Лайықты жазамды алуға дайынмын. Сондай-ақ жәбірленуші тараптардың БАҚ-тағы қысымға ұшырағанын қаламаймын”, – деп көзіне жас алды.
Сөзінше, қазір ол не айтса да, сөзі бұрмаланып жатыр. Сол себепті ол уайымдайтынын және артық нәрсе айтудан сескенетінін айтты.
Сотталушы жол апаты болар алдында достарымен жиналғанын және сол жиында шотты өзі жапқанын мойындады. Бұған дейінгі сот отырыстарында достарының ешқайсысы шотты кім төлегенін білмейтінін айтқан еді. Түбіртекте алкогольді өнімдер болғаны айтылды. Алайда Пак та оған кім тапсырыс бергенін білмейтінін айтады.
Одан бөлек Александр Пак өзін тәжірибелі жүргізуші екенін және 14 жылда ешқандай жол апатына түспегенін айтты. Алайда оның жол ережелерін бұрын бұзғаны анықталды. Оның ішінде жылдамдықты арттыру, тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу және жол белгілерін сақтамау сияқты бірнеше жағдайлар кіреді.
- 2025 жылы 12 сәуір — жол белгілерін сақтамау;
- 2025 жылы 14 сәуір — көлік құралдарын тоқтату және тұраққа қою ережелерін бұзу;
- 2025 жылы 28 сәуір — жылдамдық шегінен асып кету;
- 2025 жылы 26 тамыз — алкогольдік ішімдіктерді ішу және мас күйінде қоғамдық орындарға келу;
- 2025 жылы 7 қараша — жылдамдық шегінен асып кету.
Онымен қоса сотта қаза болған Еламанның ағасы Қанат Тілемесов куәлік беріп, кешірім беретінін айтты. Басқа жәбірленушілер сияқты оның ешқандай шағымы жоқ.
“Қарындасым таңғы 7-де хабарласып, Еламан жол апатына түскенін айтты. “Еламаннан айырылып қалдық” деді. Содан күйеубала екеуміз мәйітханаға барып, Еламанның денесі екенін көрдік. Бірден арыз жаздық. Біз сотталушыға кешірім бердік, талап-арызымыз жоқ. Қазақстан заңы бойынша, яғни заң қалай шешсе, солай болсын”, – деді ол.
ОқыңызЖол апаты туралы толығырақ
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.
Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды.
26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.
Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.
Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.
Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді.