Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда газға сұраныс артып келеді: Тұтыну көлемі 1 миллиард текше метрге көбеймек

газ
Фото: magnific.com

Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанды газбен қамту деңгейі 64,2%-ға жетті. Қазір елдегі 20,5 миллион тұрғынның 13,1 миллионы табиғи газды қолданып отыр. Мұны Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оның айтуынша, елімізді газбен қамту жұмыстары 2035 жылға дейінгі бекітілген бас схема аясында жалғасып жатыр.

“2025 жылдың 1 қаңтарында газбен қамту деңгейі 62,4% болған еді. Сол кезде 12,6 миллион адам табиғи газға қол жеткізген. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 94 елді мекендегі 354 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылды. Осы кезеңде 2 мың шақырымнан астам газ құбыры тартылып, 82 газбен жабдықтау жобасының құрылысы аяқталды”, – деді вице-министр.

Нәтижесінде 2026 жылдың басында газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетіп, табиғи газға қол жеткізген халық саны 13,1 миллион адамға артқан.

Вице-министрдің мәліметінше, бүгінде елдің батыс өңірлерінде, Жамбыл облысында, Алматы мен Шымкент қалаларында газбен қамту деңгейі 90%-дан жоғары.

Ал Алматы, Қызылорда, Түркістан, Қостанай облыстары мен Жетісу облысында бұл көрсеткіш 60-90% аралығында.

Ал Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында әзірге 60%-дан төмен болып отыр.

“Биыл республикалық бюджеттен газ тасымалдау жүйесін дамытуға 27,3 миллиард теңге бөлінді. Осы қаражаттың арқасында газбен қамтамасыз деңгейін 64,3%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде тағы 32 мың адам табиғи газға қол жеткізеді”, – деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Оның сөзінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тауарлық газ тұтыну көлемі 21,6 миллиард текше метр болды. 

Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 22,6 млиллиард текше метрге дейін өседі деп болжанып отыр. Демек табиғи газға сұраныс бір жылда шамамен 1 миллиард текше метрге артады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тауарлық газ бағасы 33% қымбаттайтыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 19 Маусым, 2026 12:58