Қарағандыда жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырған жігіт көлікті соғып алды

Қарағандыдағы мамандандырылған ХҚКО автодромында практикалық емтихан тапсырып жатқан 19 жастағы үміткер көлікпен қоршауға соғылды. Газ бен тежегіш педальдарын шатастырған жүргізушіден ешкім зардап шекпегенімен, ол әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ekaraganda.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарағандыдағы мамандандырылған ХҚКО автодромында практикалық емтихан тапсыру кезінде үміткер қоршауға соғылды. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Әлеуметтік желіде емтихан алаңында болған жол-көлік оқиғасының видеосы тарады. Қарағанды облысы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы филиалының мәліметінше, апатқа үміткердің қателігі себеп болған.
Мекеме өкілдерінің айтуынша, емтихан тапсырушы газ бен тежегіш педальдарын шатастырып, нәтижесінде автодром қоршауына соғылған. Сондай-ақ мұндай жағдайлар емтихан кезінде ара-тұра кездесетінін, оның басты себебі жүргізуші куәлігін алуға үміткерлердің дайындық деңгейінің жеткіліксіздігі екенін атап өтті.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, көлікті басқарған 19 жастағы қыз абайсызда педальдарды шатастырып, қоршауды қағып кеткен. Оқиғадан ешкім зардап шекпеген. Жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды.
Ekaraganda.kz басылымының жазуынша, Қарағанды облысындағы жалғыз мамандандырылған ХҚКО-да емтиханға арналған 11 көлік бар. Тұрғындар автоматты беріліс қорабы бар көліктердің жетіспеушілігіне бірнеше рет шағымданған.
Ал жол апатына түскен көлік автоматты беріліс қорабымен емтихан тапсыруға арналған. Егер оған жөндеу қажет болса, "автоматпен" жүргізуші куәлігін алғысы келетіндер үшін көлік саны тағы біреуге азайып, кезек одан әрі ұзаруы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтихан тапсырып жатқан қыз автодромда көлікті басқара алмай, аударып алған еді. Оқиға мамандандырылған ХҚКО аумағындағы жабық автодромда болған. Полицияның мәліметінше, зардап шеккендер болмағандықтан, емтихан тапсырушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылмаған.
Оқыңыз