Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстандықтардың жартысынан көбі гипертония бола тұра қан қысымын бақыламайды": Дәрігер инсульт пен инфарктың себебін атады

Қан қысымы, гипертония, инсульт, инфаркт
Фото: Фото: Unsplash.com

Қазақстандағы артериялық гипертониямен ауыратын азаматтардың 60%-дан астамы заманауи емдеу әдістері болғанына қарамастан, қан қысымын тиімді бақылай алмай отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай инсульт, инфаркт және басқа да жүрек-қан тамырлары асқынуларының қаупін айтарлықтай арттырады. Мұны арнайы зерттеу жүргізген бағдарлама ұйымдастырушылары айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мониторинг деректеріне сай, пациенттердің 20,1%-ы ғана артериялық қысымның мақсатты көрсеткіші — 130/80 мм сынап бағдарынан төмен деңгейге қол жеткізген. Ал пациенттердің 60,8%-ында ауру бақылаусыз қалып отыр.

Бағдарламаның алғашқы екі айындағы нәтижелер мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетті. Мәселен, пациенттердің 33,4%-ы кейінгі бір жылда жүрек-қан тамырлары асқынуларына тап болған. Бұл профилактикалық шараларды күшейту мен емге деген жауапкершілікті арттырудың маңызын көрсетеді.

Бүгінде артериялық гипертония әлем бойынша мезгілсіз өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Аурудың қаупі — оның ұзақ уақыт бойы ешқандай белгілерсіз өтіп, ауыр жүрек-қан тамырлары оқиғаларының қаупін біртіндеп күшейтуінде.

Талдау барысында мамандар ауруды тиімді бақылауға ықпал ететін факторларды да анықтады. Ұсынылған деректерге сәйкес, бекітілген біріктірілген препараттарды қабылдайтын пациенттер бірнеше бөлек дәрілік заттарды қолданатын пациенттерге қарағанда қан қысымының мақсатты көрсеткіштеріне жиі жетеді және емге жоғары бейілділік танытады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, гипертониямен ауыратын пациенттердің кемінде 50%-ында қан қысымын тиімді бақылауға алса, бұл көрсеткіш жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

"Бүгінде басты мәселе емдеу тәсілдерінің жоқтығында емес, ауруды жеткілікті деңгейде бақыламауда. Көп пациент жоғары қан қысымының қаупін жете бағаламайды немесе тағайындалған емді толық сақтамайды. Біздің міндетіміз — осы жағдайды өзгертіп, пациенттерге ауруды бақылауға алуға көмектесу", — деді Миссия 5/50 жобасының жетекшілерінің бірі, профессор Мейрамгүл Тұндыбаева.

Сарапшылардың пікірінше, гипертониямен күрес медициналық мәселе ғана емес, ол сонымен қатар маңызды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да маңызды. Инсульт пен инфарктың азаюы халықтың еңбекке қабілетін сақтауға, отбасылар мен денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені төмендетуге, сонымен бірге мыңдаған қазақстандықтың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Еңлік Сақтан
Жұма, 19 Маусым, 2026 10:52