Қазақстанда тауарлық газ бағасы 33% өседі
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев тауарлық газ бағасының өсу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, газ өндіру азайғанымен, ол қымбаттаған жоқ.
“Төрт айдың ішінде Теңіз кен орнындағы техникалық ақауларға және басқа да кен орындарындағы мәселелерге байланысты газ өндіру көлемі төмендеді. Алайда бұл халықты газбен қамтамасыз етуге әсер еткен жоқ. Себебі ұлттық оператор QazaqGaz тұтынуды транзиттік газ есебінен қамтамасыз етті. Биыл 1 шілдеден бастап тауарлық газдың орташа бағасы 33% өседі”, – деді Тұтқышбаев.
Вице-министрдің сөзінше, әзірге газ бағасын бұдан әрі көтеру жоспарланып отырған жоқ.
“Бұл шешім алдағы жылыту маусымынан уақытылы өту және газ инфрақұрылымын жаңғырту үшін қабылданып отыр. Қазір бағаның күрт өспейді”, – деді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстіккореялық компания Қарашығанақта құны 6 миллиард доллар болатын газ өңдеу зауытын салатыны туралы жазған едік.
