"WhatsApp пен газ, су шығындарына жауап берген": Атырауда жоғалған отбасының ісі бойынша сотта хабарламалар мен төлемдер қаралды

Атырау облысында бір отбасының жоғалып кетуіне қатысты сот ісі жалғасып жатыр. Бұл жолы отырыста куәгерлер отбасы жоғалғаннан кейін олардың атынан жіберілген хабарламалар, есептегіш деректері мен ақша аударымдары туралы айтып берді. Қазір сот бұл әрекеттердің кім тарапынан жасалғанын анықтап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақжайық” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Кезекті сот отырысында куәгер ретінде Сарсемалиевтің күйеу баласы Жасұлан Алдықов жауап берді. Оның айтуынша, Сұлтан бірде оған: "Бізді алдап жатыр" деген. Бірақ жанжалдың нақты себебін түсіндірмеген.
"Мен оны отбасына барынша қамқор адам ретінде білетінмін. 13 жыл араласқан уақытта оның бойынан күмән тудыратын ештеңе байқамадым", – деді куәгер.
Алдықовтың айтуынша, Сарсемалиевте екінші телефон нөмірі болған.Бірақ бұл номер әпкесінде тұрған. Дегенмен оқиға барысында дәл осы нөмір Акбаянды бірінші топтағы мүгедек деп тану және кейін қорғаншылық рәсімдеуге қатысты құжаттарды рәсімдеу кезінде қолданылған. Сондай-ақ осы нөмірге электрондық цифрлық қолтаңба кілті тіркеліп, сотқа құжаттар жолданған.
“Отбасы емделуге кетті: Наурыздың атынан хабарлама жазылған”
Сотта сонымен қатар Жангелді ауылының газ есептегішін тексерушісі де куәгерлік жасады. Оның айтуынша, қараша айында Наурыз Муқанғалиевтің нөмірінен газ есептегіш көрсеткіштері мен фотолары жіберілген. Қараша айының төлемі жасалғанымен, желтоқсанда төлем тоқтап қалған. Қарыздың себебін анықтау үшін ол WhatsApp арқылы отбасы мүшелерімен бірнеше рет байланысқа шыққан. Мақсот Қарабалиннің телефоны сөндірулі болған. Ал хабарламаларға ұзақ уақыт жауап берілмеген.
Кейін Наурыздың атынан келген жауапта ата-анасының емделіп жатқаны және төлем жасалғаны айтылған. Бұл нұсқа бұрын да басқа куәгерлердің жауаптарында айтылған. Яғни Наурыздың атынан туыстары мен таныстарына отбасы емделуде және уақытша үйде жоқ деген хабарламалар жіберілген.
Су есептегішін тексеруші де ұқсас жағдайды айтты. Оның сөзінше, бұрын Наурыз көбіне дауыстық хабарлама жіберсе, бұл кезеңде тек мәтіндік хабарламалар ғана келген. Үйге барған кезде көршілер отбасының ұзақ уақыт жоқ екенін, емделуге кеткен болуы мүмкін екенін айтқан. Кейін WhatsApp арқылы су есептегіштің фотосы мен үйде тұратын адамдар саны туралы мәліметтер жіберілген. Алайда дауыстық хабарламаларға жауап болмаған.
31 желтоқсанда ол тағы да есептегіш көрсеткішін сұрап хабарлама жібергенімен, жауап ала алмаған.
Оқыңыз“Малға қарау, оларды қораға кіргізіп-шығару туралы өтінді – Көршісі”
Сотта Жангелді ауылындағы Қарабалиндердің көршісі де сөз сөйледі. Ол отбасы жоғалғаннан кейін Наурыздың нөмірінен WhatsApp арқылы бірнеше рет хабарлама келгенін алға тартты. Онда малға қарау, оларды қораға кіргізіп-шығару туралы өтініштер жазылған.
7 қарашада тағы бір хабарлама келіп, "Малға бір апта қарай тұра аласың ба?" деп сұралған.
Куәгер бір рет видеоқоңырау арқылы байланысуға тырысқан, бірақ жауап болмаған. Сонымен қатар Kaspi қосымшасы арқылы Нәсіп Өтешқалиеваның атынан 10 мың теңге аударылған. Алайда ол ақшаны кері қайтарған.
Прокурор сұрағына жауап берген куәгер, бұрын мал шаруашылығымен Мақсот Қарабалин айналысса да, Наурыз атынан келген хабарламаларда күмән көрмегенін айтқан.
Куәгерлердің айтуынша, отбасы жоғалғаннан кейін де Наурыздың атынан хат алмасу, есептегіш деректерін жіберу, фотолар жолдау және ақша аудару жалғасқан. Бұл жағдайлар сотта егжей-тегжейлі зерттеліп жатыр.
Сонымен қатар сотта кейін Мұнайшы шағынауданындағы үй иесі де жауап берді. Ол 2023 жылдан бері Сарсемалиевке уақытша баспана жалға беріп келгенін және ешқандай күмәнді жағдай байқамағанын айтқан.
Сотқа шақырылған тағы екі көрші келмеген. Судья оларды мәжбүрлеп жеткізу туралы шешім шығарды. Келесі сот отырысы 4 маусымға белгіленді.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалып кеткен еді. Отбасы 2025 жылдың күзінде жоғалған. Іздеудегі адамдар 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, оның жұбайы 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиева, олардың балалары 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев. Отбасының жұмбақ жағдайда жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Артынша отбасының үйінің ауласынан ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіттері көмілген күйде табылды. Олардың балалары әлі де із-түссіз жоғалғандар қатарында. Полиция отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдіктіге іздеу жариялады. Күдікті – отбасының 29 жастағы күйеу баласы, Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев. Полиция күдіктінің қайда екенін білетінін және жақын арада тұтқындайтытын мәлімдеген еді.
Қазақстандыққа Қытайда адам өліміне кінәлі деген айып тағылды: Күдіктінің өзі шабуыл жасағандардан қорғанғанын айтып отыр