Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 13 адамды алдаған төбе жөндеуші түрмеге қамалмады

Төбе жөндеуші
Фото: іnstagram.com/kozachkov_offside/

Алматыда керме төбе орнатып беремін деп тұрғындардан ақша алып, кейін хабарсыз кеткен шеберге қатысты үкім шықты. Қылмыстық іс Әуезов аудандық сотында қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Kozachkov_offside” Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот материалдарына сәйкес, 28 жастағы Ілияс Айнабеков бірнеше жыл бойы құрылыс жұмыстарына тапсырыс қабылдап, алдын ала төлем алғаннан кейін клиенттермен байланысын үзген. Мұндай жағдай алғаш рет 2022 жылы тіркелген. Ол кезде ол бір әйелден керме төбе орнатып беремін деп 1,7 миллион теңге алған.

Кейін дәл осындай жағдайлар қайталана берген. 2023 жылы тағы екі адамнан 1,6 миллион және 990 мың теңге алған. 2024 жылы екі клиенттен 120 мың және 250 мың теңге иемденген. Ал 2025 жылы тағы жеті адамды алдаған. Соңғы, он үшінші жәбірленуші 2026 жылы арызданғаннан кейін ғана күдікті табылып, үйқамаққа алынған.

Іс барысында оның клиенттердің біріне қоқан-лоқы көрсетіп, басын жарамын деп қорқытқаны да айтылды.

Сотта Айнабеков кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза сұраған. Алайда ол жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтемеген, тұрақты жұмысы да жоқ.

Соған қарамастан судья ер адамды бас бостандығынан айырмау туралы шешім шығарды. Сот үкімімен оған 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Сот Айнабековтің қоғамнан оқшауланбай-ақ түзелуіне мүмкіндік бар деп есептеген. Енді ол пробация бақылауында болып, келтірілген шығынды өтеуге тиіс.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 19 Маусым, 2026 10:13