Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Италиялық жігіт қазақ қызына үйлену үшін Ислам дінін қабылдап, сүндеттелді

Қазақ қызы италиялық күйеу бала
Фото: Жеке мұрағат

Италиялық азаматпен шаңырақ көтерген Иса Арманай әу баста қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын деп ойламаған. Ол Stan.kz редакциясына берген сұхбатында күйеуімен таныстығы, шетелдегі өмірі және енесімен қарым-қатынасы туралы айтты. Шетелдік күйеу жігіт – кәсіби покер ойыншысы. Ерлі-зайыптыны табыстырған да осы сала.

Арманай италиялық күйеу жігіті Фаусто Тантилломен Түркияда танысқан. Қазақ қызы шетелде хостес болып жұмыс істеген.

“Демалатын аймақтарда туристерді күтіп алып бос орындарға орналастыратынмын. Демалыс күні қыздармен түнгі клубқа бардық, күйеуіммен клубта таныстық. Мен оны алғаш көргенде орыс деп ойладым. Ол өзінің тәжірибелі покер ойыншысы екенін айтты. Ол жұмыс бабымен Түркияға келген, жеңісін тойлау үшін достарымен клубқа барған. Танысып, номер алмасып, сөйлесіп жүрдік. Кейін оның ойыны аяқталып Италияға қайтты. Ал мен келісімшарт бойынша жұмыс істегендіктен, Түркияда қалып қойдым. Сөйлесіп жүрдік, кейін мен Қазақстанға қайттым, ал ол мен үшін Қазақстанға келді. Сол сапарында Қазақстанның әдемі табиғатымен және ата-анаммен таныстырдым”, – дейді Арманай Иса.

Әу баста-ақ кейіпкеріміз қазақ жігітіне тұрмысқа шығуды ойламаған. Оған себеп тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегіп, соның құрбаны болған әйелдердің жағдайы дейді. 

“Қазақстанда неше түрлі оқиғаларды жаңалықтан естимін. Сондықтан қазақ жігітке тұрмысқа шыққым келмейтін. Мен келін емес, бақытты жар болуды қалайтынмын. Ұлттың жаманы болмайды, егер қазақ қыздары өз теңін тауып, бақытты болса мен үшін үлкен қуаныш”, – дейді ол.

Қазақ қызы италиялық күйеу бала
Фото: Жеке мұрағат

Италиялық азаматтың салмақты, сабырлы мінезі, шынайылығы мен адалдығы қазақ қызының жүрегіне жол салған.

“Фаусто қызды сыйлай біледі. Қол көтерген былай тұрсын, осы уақытқа дейін дауыс көтерген емес. Үнемі қас қабағыма қарап жүреді. Менің нені жақсы көретінімді, нені ұнатпайтыныма қатты мән береді. Мен үшін мұсылман дінін қабылдап, сүндеттелді. Бастысы маған деген сезімі шынайы. Ондай адамды неге жақсы көрмеске”, – дейді Арманай.

Италиялық жігіт Қазақстанға келіп қыздың ата-анаммен танысқаннан кейін Арманайды Италияға алып кеткен. Алайда қазақ қызы алғашында жат елді жатырқаған.

“Бастапқыда үйренісе алмадым. Ескі қала, асықпайтын адамдар, жергілікті халықтың таңы кофемен басталады. Мен мұсылман болғандықтан әр тағамды тұтынар алдында халал ма, жоқ па деп сұраймын, бұл әдетке айналып кетті. Күйзеліске түстім. Елді сағынып, қиналып кеткен соң Қазақстанға қайтқым келетінін айттым. Бір ай уақыт өтпей Отанға оралдым. Күйеуім маған сезімінің шынайы екенін және 5 немесе 3 жылдан кейін үйленгісі келетінін айтты. Бірге тұрып көрейік, бір-бірімізді таниық, мінезіміз сәйкес келсе үйленеміз деді. Бірден қарсы болдым, онда “1 жыл бірге тұрып көрейік” деп ұсыныс тастады. Италия үшін бұл қалыпты дүние, ал маған бұл жат нәрсе. Үйленетін ойың болса құжаттарыңды алып кел, мен сені Қазақстанда күтемін, бірақ бірге тұра алмаймын дедім”, – деген Арманай азаматтық некеге үзілді-кесілді қарсы болған.
Қазақ қызы италиялық күйеу бала
Фото: Жеке мұрағаттан

Алайда Арманай мен Фаустоның шаңырақ көтеруіне қыздың ата-анасы қарсы болған. 

“Күйеуімнің туыстары өте жылы қабылдады, ал мен жақ қарсы болды. Себебі мен ата-анам аңсап күткен, 12 жылдан кейін дүниеге келген жалғыз қыз едім. Бірақ Фаусто құжаттарын алып келген соң бірден АХАЖ бөліміне барып, үйленуге өтініш тапсырдық”, – дейді қазақ қызы. 

Ерлі-зайыпты көп жас жұбайлар секілді бастапқыда күйеу жігіттің анасымен бірге тұрған. Алайда бұл ұзаққа созылмады дейді Арманай.

“Алғашында бірге тұрдық. Енем жануарларды жақсы көретіндіктен үйінде ит, мысық, тотықұстары бар. Сондықтан болар дұрыс тамақтанудан қалдым. Кейін күйеуіме “анаң екеуіміз бір-біріміздің мінезімізді көрмей тұрғандай бөлек шығайық” дедім. Сөйтіп күйеуімізбен бөлек тұра бастадық. Енем бұл шешімімізге қарсы болмады. Енеммен ара-қатынасым жақсы. Күліп, қалжыңдасып тұрамыз. Бұл жақта ене мен келінінң ара қатынасы еркін. Келін құл емес. Таң азанымен тұру, қызмет деген нәрсе жоқ. Демалыс күндері кездесіп, бірге тамақтанып тұрамыз. Мен де өз орнымды білетін адаммын”, – дейді кейіпкеріміз.

Ол енесінің қазақ әжелері секілді бала баға бермейтінін айтады. Тек ұлының өтінішімен, онда да бос уақыты болса ғана бала күтіміне көмектеседі дейді кейіпкер. 

“Қызымның 2 айынан бастап қай елге барсақ та өзімізбен алып жүреміз. Әкесі қарасады, тамақ дайындап береді, жуындыруға, киімін ауыстыруға көмектеседі. Көмекші жалдау әзірге жоспарда жоқ, әлі кішкентай. Мүмкін екінші сәбиіміз болып жатса көмекші жалдайтын шығармыз”, – дейді ол.

Арманай әлеуметтік желіде белсенді. 17 мыңнан астам оқырманы бар. Фаусто екеуінің некелескеніне 2 жыл болды. Алайда жас жұбайлардың тойы өтпеген. Ерлі-зайыпты тойды Италияда жасауды жоспарлап отыр. Былтыр жоспарланған той Қазақстаннан келетін қонақтардың визасы мақұлданбағандықтан 1 жылға кейінге шегерілген. 

Қазақ қызы италиялық күйеу бала
Фото: Жеке мұрағаттан

Ерлі-зайыптының Таиира есімді қызы бар. Шетелдік күйеу бала – Италияда кәсіби, тәжірибелі покер ойыншысы. Арманайдың айтуынша, ол шетелдерге шығып ойнайды. Ал Арманайдың негізгі мамандығы – фармацевт. Қазір декрет демалысында отыр. Десе де бос отырмай микроблейдинг саласын, яғни қасқа байланысты косметологиялық процедураларды зерттеп, тәжірибе жинап жүр.

Арманай әзірге Италия азаматтығын алу жоспарда жоқ екенін айтты. Бірақ алдағы уақытта азаматтық алу қажет болатынын да жасырмады.

“Мұнда құжат ұзақ уақыт дайындалады. Оның үстіне мен италиян тілін білмеймін. Осы жақтың тұрғыны деген құжат 5 жылға берілген, 3 жылдан кейін мерзімі бітеді. Бұл құжатпен Еуропаның кез келген жеріне емін-еркін бара аламын. 3 жылдан кейін қайтадан құжат тапсырып көремін. Ал азаматтығын алу әзірге ойымда жоқ. Бірақ күйеуім жұмысына байланысты әр елге көп ұшатындықтан болашақта маған Италияның паспорты қажет болуы мүмкін. Себебі Италия азаматтығымен Еуропа елдеріне виза қажет емес, ал қазақстандық төлқұжатпен виза алу керек”, – дейді қазақ қызы.

Арманай Италияда жеке кәсіппен айналысуға мүмкіндік бар дейді. Күйеуі жеке кәсіп ашып, онымен айналысуға жағдай жасап беремін деп уәде берген.

Италияда оны әбігерге салған дүниелер бар екен. Айтуынша, жергілікті халық тым бейжай, асықпайды дейді. Дүкен, дәріханалар сағат 13:00-де түскі асқа кетіп, 16:00-де бір-ақ ашылады. Ал кешкі 19:00-де жұмыс уақыты аяқталады екен. Дәрігерге, сұлулық салонға да кемінде бір ай бұрын жазылу қажет дейді. Құжаттар жағы да баяу болғаны соншалық осы жақтың тұрғыны деген құжатты алу үшін 6 айдай күткен. Ал Қазақстан құжат бойынша Еуропа елдерінен әлдеқайда алда дейді.

Айым Болатқызы
Жұма, 19 Маусым, 2026 10:00