Балаева Disney, Pixar және Sony студияларының балалар фильмдерін еліміз бойынша кеңінен көрсетуді тапсырды

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ тіліне дубляждалған Disney, Pixar және Sony студияларының балалар фильмдерін Қазақстанның барлық өңірінде кеңінен прокатқа шығаруды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева балаларға арналған Disney, Pixar және Sony студияларының қазақ тіліне дубляждалған фильмдерін Қазақстанның барлық өңірінде кеңінен прокатқа шығаруды тапсырды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл саясаты комитетінің мәліметінше, Аида Балаева үкімет жанындағы мемлекеттік тіл саясатын іске асыру жөніндегі комиссия отырысын өткізді.
Жиында қазақ тіліне дубляждалған Disney, Pixar және Sony студияларының балалар фильмдерін елдің барлық өңірінде көрсету мәселесі көтерілді. Комиссия төрайымы бұл жобалардың тек Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындарына ғана емес, облыс орталықтары мен ауылдық жерлердегі көрермендерге де қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
ОқыңызСондай-ақ отырыста қазақ тіліндегі жасанды интеллект жүйелерінің сапалы жұмысын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Осы орайда OpenAI компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан ChatGPT моделін сапалы қазақ тіліндегі контентпен толықтыру жобасының орындалу барысы туралы есеп тыңдалды.
Еске салайық, бұған дейін Жоғарғы аудиторлық палатаның дерегінше, 2019-2024 жылдары анимациялық фильмдер өндірісіне 1,4 миллиард теңге жұмсалып, 47 жоба түсірілген. Алайда олардың тек төртеуі ғана телеарналардан көрсетіліп, кинотеатрларға мүлде шықпаған. Сондай-ақ 2022–2024 жылдары қазақ тіліне дубляждау жоспарланған 40 фильмнің тек үшеуі ғана аударылған. Ал 2023–2024 жылдары дубляжға бөлінген 886 миллион теңге конкурстардың өтпеуіне байланысты игерілмей, республикалық бюджетке қайтарылған.