Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бюджет қаржысына түсірілген қазақстандық фильмдер неге шығынын өтемейді? Мәдениет министрлігі жауап берді

Кинотеатр бала
Фото: Magnific.com

Қазақстанда мемлекет қаржысына түсірілген фильмдерге жұмсалған қаражаттың небәрі 1,5-3%-ы ғана қазынаға қайтқан. Мәселені Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

30 миллиард теңге бөлінген, бірақ бірде-бір фильм шығынын өтемеген

Депутаттың айтуынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылғаннан бергі кейінгі 5-6 жылда кино өндірісіне бюджеттен 30 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда осы уақыт ішінде мемлекет қолдауымен түсірілген бірде-бір фильм жұмсалған қаражатты қайтармаған.

“Жоғары аудиторлық палатаның ресми деректеріне сүйенсек, мемлекет қаржыландырған фильмдердің басым бөлігі кинотеатрларға шықпаған, коммерциялық табыс әкелмеген және іс жүзінде мұрағатта қалып қойған. Осы уақыт ішінде жұмсалған қаржының небәрі 1,5–3 пайызы ғана мемлекеттік қазынаға қайтарылған”, – деді Дәулет Мұқаев.

Депутат тиімсіз жұмсалған қаржыға мысал ретінде 2025 жылғы байқау қорытындысын атады. Сол жылы мемлекет бірден 16 киножобаны өндіріске жіберген. Оның бесеуі – көркем фильм, алтауы – деректі туынды, тағы бесеуі – анимациялық фильм.

“2025 жылы кино өндірісіне бөлінген бюджет қаражатының нақты қанша пайызы мемлекетке қайтарылды? Миллиардтаған теңгенің тиімсіз жұмсалуына және қазынаға табыс әкелмеген сәтсіз жобаларға кім жауап береді?” – деп сұрады мәжілісмен.

“Негізгі мақсат – табыс табу емес”

Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов кино түсіруде қаржылық пайда басты мақсат емес екенін айтты.

“Басты мақсат – киноны коммерцияландыру емес, оның идеологиялық мәні. Біз азаматтардың отаншылдық сезімін арттырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуіміз керек. Сондықтан бұл жағдайда коммерциялық табыс мәселесін екінші кезекке қоямыз”, – деді ол.

Бірінші вице-министрдің сөзінше, 2025 жылы қолға алынған 16 жоба әлі прокатқа шықпаған. Сол себепті олардың қаншалықты табыс әкелетінін айтуға ерте.

“Фильмдер кинотеатрларға шығып, түрлі фестивальдерге қатысады. Оларға түпкілікті бағаны көрермен береді”, – деді Қанат Ысқақов.

“Фильмдер мұрағатта шаң басып жатыр”

Дәулет Мұқаев қарапайым көрермен мемлекет қаржысына түсірілген көптеген фильмді кинотеатрлардан көрмейтінін, туындылардың мұрағатта қалып қоятынын айтты.

Алайда Қанат Ысқақов бірде-бір туындының назардан тыс қалмайтынына сендірді. Оның айтуынша, жоспарланған фильмдердің түсірілімі аяқталған. Олар келесі жылы ресми түрде прокатқа шығып, қазақстандық көрерменге ұсынылады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақфильм киностудиясының бюджеттен бөлінген 1,3 миллиард теңгеге 47 отандық мультфильм түсіргені хабарланған еді. Алайда олардың бірде-бірі кинотеатрларда көрсетілмеген.

YouTube желісіне жарияланған анимациялық туындылардың әрқайсысы орта есеппен мыңға да жетпейтін қаралым жинаған.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 13:05