Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Биыл да елде ақбөкендердің санын реттеу жұмыстары жүргізіледі

ақбөкен 5 миллилн
Фото: iStock

Қазақстанда ақбөкендердің саны азаймай тұр. Соңғы санақ нәтижелері бойынша, олардың саны 5 миллионға жуықтаған. Осыған байланысты Экология министрлігі жануарлар популяциясының санын реттеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

“Былтыр да ақбөкендер санын реттеу жұмыстары жүргізілгенін білесіздер. Биыл да бұл шара жалғасады. Онымен арнайы мамандандырылған ұйымдар айналысады. Қазір бұл мәселе нақтылану үстінде, өйткені әрбір алу кезеңіне ғылыми негізделген есеп қажет. Яғни, қанша жануарды алу керектігі ғылыми зерттеулер арқылы анықталуы тиіс”, – дейді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев.

Қазір Қазақстанда ақбөкендердің үш негізгі популяциясы мекендейді. Орал популяциясының саны 2,5 миллионнан асты, Бетпақдала популяциясы шамамен 2 миллион басқа жетті, ал Үстірт популяциясында 120 мыңға жуық ақбөкен бар. Осылайша, ақбөкендердің жалпы саны біртіндеп 5 миллион басқа жақындап келеді.

Сонымен қатар елдің түрлі өңірлеріндегі шаруалар ақбөкендердің көбеюінен қиындық көріп отыр. Мысалы, Қарағанды облысында дала жануарлары жас егістіктерді таптап кеткен. Ал Ақтөбе облысында тұрғындар егіс алқаптарын ақбөкендерден қорғау үшін мобильді топтар ұйымдастырған.

Күні кеше Қазақстанда әскерилер, полиция қызметкерлері мен құтқарушылардың тамағы ақбөкен етінен әзірленетіні туралы жазған едік. 

Айым Болатқызы
Жұма, 19 Маусым, 2026 08:08