Тоқаев төрт облыстың әкімдеріне өңірлерді дамыту бойынша жаңа тәсілдер табуды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Ұлытау облыстары әкімдерінің баяндамасын тыңдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімдер президентке өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі көрсеткіштер мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы есеп берген. Сондай-ақ облыс басшылары президент тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде баяндады.
Тоқаев Серік Шәпкеновке (Атырау облысы), Ербол Қарашөкеевке (Жамбыл облысы), Нұрдәулет Қилыбайға (Маңғыстау облысы) және Дастан Рыспековке (Ұлытау облысы) аймақтарды дамытудың жаңа тәсілдері қажет екенін ескертті.
Сонымен қатар облыстардың экономикалық әлеуетін арттыру және азаматтар мүддесіне қатысты әлеуметтік мәселелерді шешу үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
“Президент балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының, балаларды оңалту орталықтарының, емханалар мен ауруханалардың құрылысын жеделдету міндетін жүктеді. Сондай-ақ "Таза Қазақстан" қоғамдық-саяси акциясы аясында ауқымды жұмыс жүргізу аса маңызды екенін атап айтты”, – делінген Ақорда хабарламасында.
Тоқаев азаматтармен ұдайы байланыста болып, туындаған түйткілдерді уақтылы шешу қажеттігіне айрықша назар аударды.
Бұдан бөлек, өңір басшыларына экологиялық ахуалды бақылауда ұстау, криминогендік құбылыстармен, заңды қасақана бұзу әрекеттерімен батыл түрде күрес жүргізу жөнінде тапсырма берілді.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев қорғаныс министрін қабылдап, Қазақстан Қарулы күштерінің жауынгерлік дайындығын күшейтуді тапсырғаны туралы жазған едік.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды
Оқыңыз