Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Ұлттық банктің есебін қабылдап, бірқатар тапсырма берді

Ақордадағы жиналыс
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк басшылығының 2025 жылы атқарған жұмыс қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспары туралы есебін тыңдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақша-несие саясатында қол жеткізген нәтижелер, қаржы секторы, алтын-валюта резерві, Ұлттық қор мен БЖЗҚ зейнетақы активтерінің жағдайы, сондай-ақ қаржы жүйесінің цифрлық трансформациялануы жөнінде мәлімет берген.

Президентке былтыр инфляция деңгейі 12,3%-ға дейін бәсеңдегені баяндалды. Инфляцияның төмендеуі биыл да жалғасуда, мамыр айының мәліметіне сәйкес – 10,4%. Ұлттық банк Үкіметпен бірге инфляция деңгейін баяулату бағытында кешенді жұмыс жүргізіп жатқаны атап өтілді. 

Сонымен қатар мемлекет басшысына Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруына берілген Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерінің жай-күйі жөнінде ақпарат ұсынылды.

Ұлттық банктің алтын-валюта резерві былтыр рекордтық деңгейге жетіп, 65,4 миллиард долларды құрады. Ұлттық қордың валюталық активтері 5,1 миллиард долларға өсіп, 63,9 миллиард долларға жетті. БЖЗҚ активтерінің көлемі 2,7 триллион теңгеге артып, 25,1 триллион теңгеге ұлғайған.

“Қасым-Жомарт Тоқаевқа цифрландыру және цифрлық жобаларды дамыту жайында айтылды. 2025 жылы цифрлық активтерге арналған арнайы құқықтық режим қолданысқа еніп, оның базасында нақты активтерді токендеу, ақшаға байланған стейблкоиндер шығару, криптопровайдер мен крипто-фиат арналарын ұйымдастыру сияқты 30-дан астам пилоттық жоба жүзеге асырылған. Қазақстан өңірдегі алғашқы Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосты. Бұл қауіпсіз биометрия, банкаралық есеп айырысуларды жүргізу, қаржылық ақпарат алмасу жүйесі, цифрлық теңге, алаяқтықтан қорғау және заманауи цифрлық сервистер секілді тетіктерді біріктіреді”,  – делінген Ақорда хабарламасында. 

Кездесу соңында Тоқаев Ұлттық банкке қаржы жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ Үкіметпен бірлесе инфляцияны тежеу және макроэкономикалық тұрақтылықты қолдау жөнінде үйлесімді саясат жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар қаржы нарығындағы озық цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамытудың маңызы айрықша атап өтілді.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық банк қазақстандықтар арасында ипотека мен автонесиеге сұраныс азайғанын мәлімдеген еді. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 20:39