Шерзат Полаттың өлімінен кейін қызметінен босатылған полицей қайтадан басшылық қызметке тағайындалды

Шерзат Полаттың өлімінен кейін қызметінен босатылған Алматы облысы полиция департаменті (ПД) бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Серік Шалқаров Ақтөбеде жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпаратты Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
Серік Шалқаров Ақтөбе облысы ПД бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.
Айта кетейік, ол ІІМ өкімімен Талғардағы оқиғадан кейін Алматы облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары қызметін босатылған еді.
ОқыңызСол кезде ішкі істер министрінің бұйрығымен бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды:
- ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Шалқаров;
- Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов;
- ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ұлан Байтақов;
- ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Руслан Смағұлов;
- ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дулат Қайыр және оның орынбасары Жанат Омаров.
Еске салсақ, қайғылы жағдай 2024 жылғы 4 қазан күні Талғар қаласында болған еді. 16 жастағы Шерзат Полат әкесіне дүкенде көмектесіп жүргенде бір топ адамның қолынан қаза тапқан.
Тергеуді ішкі істер министрі жеке бақылауға алған. 2025 жылдың 5 маусымында сот тоғыз адамды кінәлі деп таныған. Іс бойынша айыпталушылар Абзал Шынасыл 23 жылға, Равиль Сакиев 20 жылға, Азамат Токтаубаев 15 жылға, Нуркияс Ільясов 9 жылға, тағы төртеуі – әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Кәмелетке толмаған қатысушы 1,5 жылға сотталып, кейін босатылған. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды