Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында денсаулық сақтау саласының үздік қызметкерлері марапатталды

Бишілер
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Бүгін Көкшетауда Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекеде дәрігерлерге, мейіргерлерге, фельдшерлерге, жедел жәрдем қызметкерлеріне, медициналық оқу орындарының оқытушылары мен сала ардагерлеріне алғыс пен құрмет білдірілді. Олар саналы ғұмырын адам денсаулығын сақтауға арнап келеді.

Мемлекет басшысының атынан өңірдің медицина қауымын Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады. Өңір басшысы медицина қызметкерінің мамандығы әрдайым ең жауапты әрі сұранысқа ие кәсіптердің бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, халық денсаулығын сақтау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының қатарында.

“Сіздер күн сайын жанқиярлықпен еңбек етіп, адамдарға ең қымбат қазына – өмір мен денсаулық сыйлап келесіздер. Денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеті сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету болып қала береді”, – деді Марат Ахметжанов.
Марат Ахметжанов
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Салтанатты рәсім барысында денсаулық сақтау саласының үздік өкілдері жоғары кәсібилігі, ұзақ жылғы адал еңбегі және саланы дамытуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Марапатталғандардың қатарында Көкшетау қалалық емханасының директоры Ғалия Сабатова да бар. Ол мемлекеттік награда – "Құрмет" орденімен марапатталды. Оның айтуынша, медицина әлдеқашан мамандық қана емес, өмірлік миссиясына айналған.

“Мен дәрігерлер әулетінің өкілімін. Отбасымыздың үлкендері денсаулық сақтау жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті. Жақында есептеп көрсем, біздің әулет жалпы алғанда медицина саласына және пациенттердің денсаулығын сақтауға шамамен 180 жылын арнапты”, – деді Ғалия Сабатова.

Ол еңбек жолын шамамен 40 жыл бұрын бастаған. Бүгінде оның жетекшілігімен өңірдегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ең ірі ұжымдардың бірі жұмыс істейді. Емханада 800-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Олар күн сайын балаларға, жүкті әйелдерге, қарт адамдарға және созылмалы аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетеді.

Марапаттау
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Медицина мекемесінің басшысы соңғы онжылдықтарда отандық денсаулық сақтау жүйесі ауқымды жаңғыру кезеңінен өткенін атап өтті. Қағаз құжат айналымының орнын цифрлық технологиялар басып, медициналық көмектің сапасы мен ауқымы кеңейе түскен.

“Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесіне бұрын болмаған әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар енгізілді. Соның арқасында әлеуметтік әрі медициналық мәселелері бар отбасыларға кешенді көмек көрсете аламыз. Қазіргі таңда медициналық қызмет көрсету көптеген сала мен мемлекеттік органдардың өзара ықпалдастығы негізінде жүзеге асырылуда”, – деді маман.

Саланың қарқынды дамуы жөнінде облыс әкімі де тоқталды. Соңғы жылдары өңірдің денсаулық сақтау жүйесі жаңа серпін алды. "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 нысан салынды.

Көрермендер
Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Сонымен қатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Көкшетауда 630 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жалғасып жатыр. Ал Қосшы қаласында қала тұрғындары мен маңайдағы жеті өңірдің халқына қызмет көрсететін 350 орындық жаңа көпбейінді облыстық аурухана бой көтеруде. Бұдан бөлек, биыл Қосшыда бір ауысымда мың адам қабылдауға қауқарлы заманауи емхана пайдалануға берілді.

Саладағы кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Әлеуметтік қолдау шараларының арқасында өңірге жас мамандар тартылып, медицина кадрларының тапшылығы азайып келеді. Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Телемедицина арқылы шалғай ауыл тұрғындары қажетті кеңестер алып, заманауи технологиялар дәрігерлерге жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беріп отыр.

Қазіргі таңда Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесінде 12 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Бұл санның артында мыңдаған құтқарылған өмір, ұйқысыз түндер, күрделі операциялар мен пациенттерге деген күнделікті қамқорлық жатыр.

Салтанатты жиын соңында қатысушылар тәуліктің қай мезгілі болмасын өздерінің басты міндеті – өңір тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтау жолында еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға тағы да алғыстарын білдірді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 19:37