Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда зейнетақы жүйесі өзгереді: Министр қарастырылып жатқан екі модельді таныстырды

зейнетақы
Фото: freepik.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанда болашақ зейнетақы жүйесін өзгертуге қатысты шешім талқыланып жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, маусым айының соңына дейін жұмыс тобы екі модельдің бірін таңдап, ұсынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрдің айтуынша, қазір жұмыс берушілердің 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарналарына қатысты екі негізгі модель қарастырылып жатыр.

Бірінші модель – “4 + 1”. Оны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынады. Бұл модель жинақтаушы және сақтандыру зейнетақысын біріктіреді. Жүйе бойынша 4 пайыз қосымша жарна азаматтардың жеке шоттарына, ал 1 пайыз ортақ шотқа бағытталады.

Екінші модельді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ұсынады. Бұл нұсқа бойынша барлық қаражат ортақ шотқа түседі де, кейін зейнетақы жарналары бар азаматтар арасында қайта бөлінеді.

“Бұл талқылаулар әлі жүріп жатыр. Жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Осы айдың соңына дейін қай жобада тоқталатынымызды анықтаймыз. Шілде айының басында Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірге Үкіметке консолидирленген ұсынысты енгіземіз”, – деді ол.

Министр сонымен осы екі ұсыныста өзі “4 + 1” моделін қолдайтынын жасырмады.

“Өзім “4 + 1”-ді қолдаймын. Себебі бұл жоба дұрыс сияқты көрінеді. Сақтандыру зейнетақысы да керек. Сондықтан біздің талқылаулар осы айдың соңына дейін өтеді. Келесі айдың басында мен неге дәл осыны таңдағанымды және оның неге тиімді екенін айта аламын. 2026 жылдың соңына дейін тек модельді анықтап қана қоймай, оны іске асыру үшін қажетті заңнамалық өзгерістер де дайындалмақ. Жыл соңына дейін біз тек жобаны таңдап қана қоймаймыз. Оны заң жүзінде рәсімдейміз. Заңдарға қандай өзгерістер енгізу керегін анықтаймыз”, – деді ол. 

Министр реформаның қашан басталатыны әлі нақты емес екенін алға тартты. Айтуынша, жаңа жүйе келесі жылдан бастап немесе кейінірек іске қосылуы мүмкін. Сонымен қатар ол жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары кезең-кезеңімен өсетінін еске салды. Қазіргі 3,5 пайыздан 4 пайызға, кейін 4,5 пайызға, соңында 5 пайызға дейін көтеріледі.

Министр жаңа төлемдер азаматтардың жалақысына әсер етпейтінін алға тартты. Себебі бұл төлемдер жұмыс беруші есебінен төленеді.

Гүлсезім Мұхатай
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 14:53