Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда декреттік төлемнің көлемін заңсыз арттырған делдалдар да жауапқа тартылмақ

Ақша
Фото: Stan.kz

Елімізде декреттік төлемдерді заңсыз рәсімдеу деректері бойынша тергеу жүріп жатыр. Алайда осы уақытқа дейін заңсыз алынған ақшаны мемлекетке қайтару жағдайлары тіркелмеген. Мұны Сенат кулуарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрдің айтуынша, тергеу барысында төлемдердің заңсыз алынғаны дәлелденсе, бұл қаражат мемлекетке қайтарылуы тиіс.

“Егер төлемдердің заңсыз алынғаны анықталса, онда бұл қаражат қайтарылады. Алайда қазірге дейін мұндай фактілер тіркелген жоқ”, – деді Ертаев.

Оған қоса министр әлеуметтік төлемдерді көбейтіп алу үшін түрлі схемаларды рәсімдеуге көмектескен делдалдардың да жауапкершілікке тартылатынын айтты. 

“Егер олардың осындай схемаларды ұйымдастырғаны дәлелденсе, олар да жауапкершілікке тартылады”, – деді министр.

Ертаевтың сөзінше, қазір елде декреттік төлемдерді рәсімдеу кезіндегі ықтимал заңбұзушылықтарға байланысты 38 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Кей азаматтардың жоғары мөлшердегі жәрдемақы алу үшін табысын жасанды түрде көтергені туралы деректер тергеліп жатыр. 

Ал төленген қаражат көлемі мен оларды қайтару мәселесіне қатысты толық ақпаратты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан нақтылауға болады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның 13 өңірінде заңсыз декрет төлемдері бойынша тергеу жүріп жатқаны туралы жазған едік. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі шамамен 3 миллиард теңге. Ал мыңнан аса әйел күдікке ілінген. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 14:30