Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жайлы мектеп" жобасы неге шенеуніктер уәде еткендей сәтті болмады: Оқу-ағарту министрлігі жауап берді

мектеп
Фото: gov.kz

Қазақстанда “Жайлы мектеп” ұлттық жобасын іске асыру барысында үкімет бастапқы жоспарды шамамен екі есеге қысқартты. Нәтижесінде жоспарланған 401 мектептің орнына 217 мектеп салынды. Ал жаңа оқушы орындарының саны 842 мыңнан 460 мыңға дейін азайды. Мұны Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл мәселеге депутат Андрей Лукин назар аударды. Оның айтуынша, жобаны қаржыландыру толықтай Ұлттық қорға жүктеліп, одан 1,49 триллион теңге бөлінген. Алайда 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілген мектептердің саны небәрі 198 болды. Сонымен қатар депутат бірдей қуаттылықтағы мектептердің құрылыс құны арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін айтты. 

“Соған қарамастан, күндізгі мектептердегі оқушы орындарының тапшылығы небәрі 7,6% азайды. Аудит нәтижесінде бірдей қуаттылықтағы, сейсмикалық жағдайлары ұқсас мектептердің құрылыс құнында елеулі айырмашылықтар анықталды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы Опытное Поле ауылында 300 орындық мектептің құрылысына 4,7 миллиард теңге жұмсалса, Батыс Қазақстан облысындағы Пугачево ауылындағы дәл сондай мектеп 3 миллиард теңгеге салынған. Айырмашылық – 1,6 миллиард теңге”, – деді депутат. 

Сонымен қатар аудит барысында кейбір жаңа мектептердің толық аяқталмағаны анықталды. Лукиннің сөзінше, тексерілген 75 нысанның біреуі 29% ғана толған, сегіз мектептің жүктемесі 30–50% аралығында болса, тағы 16 мектеп 50–70% деңгейінде жұмыс істеп тұр.

Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов ұлттық жобаға бюджет қаражатын оңтайландыру мақсатында екі рет өзгеріс енгізілгенін айтты.

“Өткен жылы үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешуге,оқушы орындарының тапшылығын азайтуға бағытталған “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аяқталды. Бюджет қаражатын оңтайландыруға байланысты жобаға екі рет өзгеріс енгізіліп, мектеп саны 217-ге, ал оқушы орындары 460 мыңға дейін қысқарды”, – деді Шарабасов.

Оның айтуынша, барлық 217 мектептің құрылысы аяқталған. Десе де олардың бәрі бірдей құжат жүзінде рәсімделіп үлгермеген.

“Өткен жылдың қорытындысы бойынша 217 мектептің барлығы салынды. Оның 198-і пайдалануға беру актісін алды. Қазір 215 мектеп бойынша тиісті актілер рәсімделді. Қалған екі мектепке қатысты құжаттар осы айдың соңына дейін дайын болады”, – деді вице-министр.

Шарабасов мектептердің құрылыс құнындағы айырмашылыққа да тоқталды.

“Шығыс Қазақстан облысының Опытное Поле ауылында сейсмикалық белсенділік жеті балл. Сондықтан арнайы түзету коэффициенті қолданылады. Ал Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш алты балл болғандықтан, мұндай коэффициент қолданылмайды. Сейсмикалық ерекшеліктерге байланысты әртүрлі инженерлік және құрылымдық шешімдер пайдаланылады”, – деді ол.

Сонымен қатар Опытное Поле ауылындағы жер телімі еңіс жерде орналасқандықтан, жерді тегістеу және тіреу қабырғаларын салу бойынша қосымша жұмыстар жүргізілген.

Шарабасовтың айтуынша, жоба аясында 52 үш ауысымды және 12 апатты мектептің мәселесі шешілген. Ал ірі қалалар мен агломерациялардағы кейбір мектептер тұрғын үй құрылысының болашақтағы қарқыны мен көші-қон өсімін ескеріп, алдын ала салынған.

Айта кетейік, бұған дейін Жекеменшік мектептер “өлі жандар” арқылы бюджеттен миллиардтаған қаржы жымқырғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 18 Маусым, 2026 13:15