Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Болгария Иранға қарсы соғыста америкалық ұшақтардың ел аумағында орналасуына рұқсат берді

Болгария АҚШ ұшақ
Фото: bnrnews.bg

Болгария парламентінің Қорғаныс комитеті Безмер әскери әуе базасында АҚШ-тың жанармай құятын әскери ұшақтары мен америкалық әскери қызметкерлерді уақытша орналастыруға рұқсат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Болгария ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Болгария парламентінің Қорғаныс комитеті Министрлер кеңесінің шешім жобасын қолдап, Таяу Шығыстағы операцияларды қолдау мақсатында елдің оңтүстік-шығысындағы Безмер әскери әуе базасына АҚШ-тың сегізге дейін жанармай құятын әскери ұшағын және 250 америкалық әскери қызметкерді уақытша орналастыруға келісім берді.

Ведомствоның мәліметінше, АҚШ әскерилерін 24 шілде мен 1 қазан аралығында орналастыруға сұраныс берген.

Бұған жауап ретінде Тегеран Болгарияға өз аумағы мен әскери нысандарын АҚШ-тың Иранға қарсы әскери әрекеттерін қолдау үшін пайдалануға жол берілмейтінін ескертті.

Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Бағаи мұндай операцияларды жоспарлауға немесе жүзеге асыруға кез келген түрде қатысу "басқыншылық қылмыс пен әскери қылмыстарға ортақтасумен тең" болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Болгария парламентін америкалық әскерилерді орналастыру туралы шешімді қабылдамауға шақырды.

2006 жылы жасалған екіжақты қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес, НАТО мүшесі Болгария Безмер әскери әуе базасын АҚШ Қарулы күштерімен бірлесіп пайдаланылатын нысан ретінде белгілеген.

Болгариялық басылымның жазуынша, 9 мамырда ел үкіметі Болгарияда 15-ке дейін америкалық ұшақтың, оларға қызмет көрсететін персонал мен техниканың болу мерзімін тек 30 маусымға дейін ұзартқан.

Кейіннен бұл ұшақтар Софиядағы Васил Левски атындағы әуежайдан ұшып кеткен. Сол кезде Болгария премьер-министрі Румен Радев АҚШ Болгария азаматтары үшін визасыз режим енгізу мәселесіне оң жауап бермегенін айтты. Оның сөзінше, осыған байланысты Болгария жанармай құятын америкалық ұшақтардың София әуежайында болу мерзімін ұзартуды мақұлдай алмайды, өйткені елдің өз басымдықтары мен рәсімдері бар.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 22 Шілде, 2026 08:10