Америкалық әскерилер Иорданияда қаза тапты: АҚШ Иранға жаңа соққылар жасады

Жұма күні Иорданияға Иран тарапынан жасалған баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы салдарынан екі америкалық әскери қызметкер қаза тауып, тағы біреуі із-түссіз жоғалғандардың қатарында тіркелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW басылымына сілтем жасап хабарлайды.
АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X әлеуметтік желісінде әскерилердің қазасы туралы хабарлады.
Қолбасшылықтың мәлімдеуінше, төрт америкалық әскери қызметкерге медициналық көмек көрсету үшін Иорданиядағы ауруханаларға жеткізілген. Тағы бірнеше әскери қызметкер жеңіл жарақат алып, қазірдің өзінде өз қызметтеріне қайта кіріскен.
Осылайша, Иранмен соғыс барысында қаза тапқан америкалық әскери қызметкерлердің ресми түрде расталған саны 16 адамға жеткен.
The Wall Street Journal газетінің америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлауынша, әңгіме Иорданиядағы әл-Азрак әскери-әуе базасына жасалған Иран шабуылы туралы болып отыр. АҚШ Қарулы күштері бұл базаны Иранға қарсы соғыс аясында әскери авиацияның ұшу операциялары үшін пайдаланған. Бұған дейін Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы әл-Азрак әуе базасында екі жойғыш ұшақ пен үш әскери ұшақтың жойылғанын мәлімдеген еді.
АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық әскери қызметкерлердің қазасына байланысты көңіл айтты.
"Бұл өте қайғылы жағдай. Мұндайды көру бізге ауыр. Бірақ бұл еліміздің игілігі үшін", – деді ол NewsNation телеарнасына берген сұхбатында.
Пентагон басшысы Пит Хегсет өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында CENTCOM жариялаған мәлімдемені бөлісіп, АҚШ-тың әскери іс-қимылдарын жалғастыруға ниетті екенін аңғартты.
"Құдай сіздерді жарылқасын, қаһармандар. Сіздердің құрбандықтарыңыз біздің жігерімізді одан әрі нығайта түседі", – деп жазды ол.
Кейінірек қолбасшылық X әлеуметтік желісінде америкалық әскерилердің Иран аумағына жаңа әуе соққыларын жасай бастағанын хабарлады.
"Бұл соққылар Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кеме қатынасына қауіп төндіру мүмкіндігін одан әрі әлсіретуге, сондай-ақ өткен түні Иорданиядағы америкалық әскери қызметкерлерге шабуыл жасаған Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының күштерін жедел жазалауға бағытталған", – делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, АҚШ сегізінші түн қатарынан ел аумағын бомбалады.
БАҚ мәліметінше, Пентагон хаттамаларына сәйкес, қаза тапқан әскери қызметкерлердің есімдері олардың жақын туыстарына хабар берілгеннен кейін кемінде 24 сағат өткен соң ғана жарияланады. Ал жараланған америкалық әскери қызметкерлердің есімдері, әдетте, жария етілмейді.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды
Оқыңыз