Қазақстанда мемлекеттік нысандарға атау беру ережелері өзгерді

Енді Қазақстанда әуежайлар, вокзалдар және мемлекеттік меншіктегі басқа да нысандарға атау беру жаңа ережелер бойынша жүзеге асады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Енді Қазақстанның дамуына үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің және өзге де еңбегі сіңген тұлғалардың есімі олар қайтыс болғаннан кейін кемінде бес жыл өткен соң ғана беріледі.
"Қазақстан Республикасы мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбегі сіңген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым және мәдениет қайраткерлерінің, сондай-ақ өзге де тұлғалардың есімдерін олар қайтыс болған күннен бастап бес жылдан ерте беруге болмайды. Бұл талап ерлік пен батылдық танытып, мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтуға ерекше үлес қосқан тұлғаларға қолданылмайды", – деп көрсетілген құжатта.
Сонымен қатар бұл талапқа қатысты ерекшеліктер бар. Яғни, ерлік пен батылдық танытқан немесе Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға айрықша үлес қосқан азаматтарға бес жыл уақыт күтіп қажет емес.
Мемлекеттік органдар ғана мемлекеттік нысанға жаңа атау беріп немесе оның атауын өзгерту туралы ұсыныс бере алады. Ол үшін орталық мемлекеттік органның немесе әкімдіктің өтініші, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімі қажет. Ал орталық мемлекеттік органдардың қарамағындағы нысандарға қатысты бұл талап қолданылмайды.
Құжаттарды салалық комиссия қарағаннан кейін оның қорытындысы үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік органдарға немесе жергілікті атқарушы органдарға жолданады.
"Уәкілетті орган комиссияның қорытындысын үш жұмыс күні ішінде орталық мемлекеттік органдарға, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына жолдайды", – делінген құжатта.
Егер комиссия ұсынысты қолдаса, нысанның түріне қарай мемлекеттік органдар Үкімет қаулысының жобасын әзірлейді немесе бұл олардың құзыретіне кіретін болса, шешімді өздері қабылдай алады.