Жүрегін ауыстырған қазақстандық өз донорын түсінде көріп, қызына сәлемін жеткізген

Алматылық Дәулет Есенғаровқа 42 жасында жүрек трансплантациясы жасалды. Жөтел мен демікпеден басталған ауырсынудың себебі жүректе сұйықтықтың жиналып, оның қанды толық айдай алмауы болып шыққан. Дәулет Stan.kz редакциясына берген сұхбатында ем барысы, донорға қатысты ғажайып жағдайлар мен отандық медицина туралы айтты.
“Ернімнің түсіне қарап диагнозды тапты”
Кейіпкеріміз отаға дейін спортпен айналысып, белсенді өмір салтын ұстанған. Құрылыс саласында жұмыс істейтін ол 40 жасымда дилатациялық кардиомиопатия диагнозы қойылды дейді.
“Бастапқыда демікпе мен жөтел пайда болды. Ауруханаға барғанда тексеріп, 40 жасымда ақпан айында пневмония деген диагноз қойылды. Сонымен емді бастап кетті, дәрі тамызды. Өкпеде сырыл болған. Жөтел басылды, демікпе сәл қалды Кейін көлденең жатып ұйықтай алмайтын болдым. Көлденең жатсам ауа жетпей қалады. Содан тағы ауруханаға барып едім өкпемді МРТ-ға түсірді. Пульмонолог дәрігер өкпеде сұйықтық барын айтты. Сөйтіп Қалқамандағы №1 ауруханаға жіберді. Сол жерде жатқанда меңгеруші дәрігер маған ернімнің көгеріп кеткенін айтты. “Сізде плеврит, яғни өкпеде сұйықтықтың жиналуы, сондай-ақ шамасы жүрегіңіз қанды толық айдай алмай жатқан болуы керек” деді. Сөйтіп жүректі УЗИ-ге түсірдік. Наурызда 41-ге толдым. Содан Қалқамандағы ауруханаға жатқанда дилатациялық кардиомиопатия деген диагноз қойды”, – дейді Дәулет.
Ауруханадағы дәрігерлер LVAD, яғни жүректің сол жақ қарыншасына көмекші аппарат қоюға көндіріп, адамдар әдетте, мұндай фракциямен өмір сүрмейтінін айтқан. Алайда Дәулет аппаратты қоюдан бас тартыпты.
“Кардиологпен сөйлескенде қуаттағышы бар аппарат қояды деді. Құрылғыны сыртта сөмкемен алып жүру керек екен. Диагнозымның толық әрі нақты емес екенін айтқан меңгеруші мені Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына жіберді. Сонда жүректің айдау фракциясын тексердік, қорытындысы 15%-ды көрсетті. Көрсеткіш 30%-дан төмен болса науқасты бірден трансплантацияға жібереді екен. Мұны естіген әйелім жылап жіберді, ал мен қатты көңіліме алмадым, емделіп шығамын деп ойладым. Одан шығып Астанаға жүрек орталығына баратын болып шештім. Ол жерде де фракцияны тексердік, 17%-ды көрсетті. Астанада тағы бір апта жаттым. Аурухана меңгерушісі маған терапия көмектесуі мүмкін екенін айтты”, – дейді кейіпкер.
“Жүрегіңіз кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін”
Дәулеттің айтуынша, жүректе бұрын болған инфаркттың тыртығы анықталған. Сол тыртық қалпына келмей, қанды толық айдай алмаған. Дәрігер оған инфарктты дер кезінде байқамай, жүріп-жүріп өткергенін түсіндірген.
“Олар мұның коронавирустың салдары болуы мүмкін деген болжам жасады. Өйткені мен рентгенге, МРТ-ға түскенде коронавирус деген диагноз болды. Сөйтіп 2025 жылы сәуір айында ауруханадан шығып, Шымкентке кеттім. Бірақ ол жерде жағдайым нашарлап, фракция төмен көрсеткіш көрсетті. Содан трансплантация жасау керегін, тым болмаса жүрек тоқтап қалған жағдайда көмектесетін дифибрилятор қою керегін айтты. Өйткені маған “жүрегіңіз кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін” деп ескертті. Тағы да LVAD қоюды ұсынды. Бірақ үйде кішкентай бала-шаға, сепсис болуы мүмкін, сөмкемен жүруге жағдай жоқ деп бас тарттым. Сөйтіп Алматыға қайттым. Тамыз айында тағы да жағдайым күрт нашарлады. Сол кезде мені жедел жәрдеммен Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына жеткізді. Сонда тағы да емдеп, LVAD қоюға көндірмек болды. Жүрекке МРТ жасап, консилиум өтті. Консилиум құрамындағы профессорлардың бірі маған әзірге LVAD қоймайтынын айтты”, – деп ем іздеп жүрген кезін еске алды кейіпкер.
Десе де кейіпкеріміз жүрек жұмысын қолдайтын дифибриляторды қойдыруға келісіп, ота жасатты. Онымен қоса жүрек трансплантациясын жасату үшін құжат толтырып кезекке тұрған.
“Сіздің жүрегіңіз әлі жарты жыл жұмыс істейді. Бірақ кардиостимулятор қою керек деді. Ол кішкентай тері астына қойылатын аппарат. Сондай-ақ трансплантация жасау үшін күту тізімін толтырып, кезекке тұрып, ауруханадан шықтым. Сол жылы қараша айының соңы, желтоқсанның басында институттан хабарласып, чип секілді дифибрилятор қоятынын айтты. Ота жасап, тері астына дифибрилятор қойды. Сонда кезегім туралы сұрап едім, базада жоқ екен деді. Сөйтіп 1 желтоқсан күні тізімді қайта толтырдым, қайта кезекке тұрдым. Маған жүректі наурызға дейін күту керегін, егер табылмаса LVAD қоятынын айтты”, – дейді Дәулет Есенғаров.
Кейіпкеріміз ғажайып жайтты күтпеген. Тек мүмкіндік болса, Алладан барынша отбасының жанында болып, балаларының қызығына куә болсам деп сұраған.
“12 желтоқсан күні Алладан ұзақ ғұмыр беруін сұрадым. Балаларымның қызығын көріп, жанында болып, әлі де жүргім келетінін айттым, ниеттеніп таңды атырдым. Ең қызығы, 15 желтоқсан күні маған хабарласып жүрек бар екенін айтып, ота жасау үшін шақырды. Менен бөлек тағы екі адам бар екен. Бардым, 1-2 анализден кейін мен өзім жалғыз жүргенімді байқадым. Содан менімен келген екі адам туралы сұрап едім, сіздегі сәйкестік 99,9%-ды көрсетті деді. Ал екі науқастың бірінде 91%, екіншісінде 93% сәйкестік шыққан. Оларға жүректің бітіп кетуі қиындау болады деп түсіндірді. Сөйтіп 15 желтоқсан күні кешке маған ота жасап, жүректі салып берді”, – дейді кейіпкер.
“Донорды түсімде көріп, қызына сәлемін жеткіздім”
Кейіпкеріміз өзіне жүрегін берген донормен түсінде танысқан. Тіпті, марқұм Дәулетке өтініш жасап, қызына сәлемін жеткізуді сұраған.
“Таңертең оянғанда түсімде жүректің иесімен, маған донор болған марқұммен сөйлескенім есіме түсті. 16 желтоқсан сағат таңғы 10:00, наркоздан оянған сәтім. Сол кезде түс көрдім. Көк шалғын, гүлдер, күн шайдай ашық жұмақ мекен екен деймін. Жанымда аққұба ер адам бар, екеуіміз сөйлесіп келе жатыр екенбіз. Таныстық, есімі Игорь, қызының аты Лидия екенін айтты. Қызының сол аяғында әшекей суреті бар деді. “Қызыма мен оны жақсы көретінімді жеткізіңізші” деді. Ояна сала мейіргерге осы ақпараттың барлығын жаздырдым, өйткені ұмытып қаламын деп қорықтым”, – дейді кейіпкер.
Отадан кейін ол өзін жақсы сезінген. Тіпті орнынан тұрғызып, жүре бастаған. Ертеңгі күні жансақтау бөлімінен шығарып, палатаға жіберді дейді ол. Бір апта өткен соң донордың қызы Дәулетті әлеуметтік желіден көріп қалып, хабарласқан.
“Науқас пен донордың жақындарымен байланысуға болмайды. Өйткені олар ақша сұрауы мүмкін дегендей… Ал жүрек трансплантациясы үшін науқастан ақша алмайды. Бірақ қызы хабарласқан соң келісім бергені үшін оған алғысымды білдірдім. Ол кісі алғыстың қажеті жоғын, жүректің маған Алланың қалауымен бұйырғанын айтты. “Мен әкемнің осы өмірде ұзағырақ қалуын тіледім. Бұл тілегім орындалды. Ал сіз балаларыңыздың жанында қалуын сұрапсыз. Алла сіздің де дұғаңызды қабыл етіпті” деді Лидия. Сол кезде “аяғыңызда әшекей сурет бар ма” деп сұрадым. Ол “Бар, бірақ сол қолымда, бұл әкеме ұнамайтын” деді. Ал мен оған әкесінің сәлемін жеткіздім, өзін қатты жақсы көретінін айттым. Расымен, марқұм әкесінің аты Игорь, өзінің есімі Лидия болып шықты”, – дейді Дәулет мұның расымен адам сенгісіз ғажайып сәт болғанын айтып.
“Халықтан жинаған 7 милллион теңге отаға қажет болмай қалды”
Отадан кейін реабилитация басталған, ол тез қалыпқа келе бастадым дейді. Наркоз тараған соң кеудесі қатты ауырған, бірақ ауырсынуды басатын дәрі қабылдамадым дейді. Айтуынша, отдан кейін үш ай тек шалқалап жату керек, кейін науқас аунай бастайды. Қазір еш жерім ауырмайды, шағымым жоқ, ауа райы да денсаулығыма әсер етпейді, дейді кейіпкеріміз.
Дәулет ай сайын әлеуметтік желіде видео түсіріп, жағдайы туралы айтады. Мұның бәрі бір кездері отаға қажет қаражатты жинаудан басталған екен.
“Аппарат қоямыз деген соң Шымкенттегі үйімді сатуға қойдым. Халықтан отаға деп ақша жинай бастадым. Беларусьте ота жасалады деген соң 20 миллион теңге ақша жинауым керек болды. Ол жақта ақшамен істеуге болады екен. Бір айдың ішінде жүрек тауып, салып береді екен. Ота құны – 110 мың еуро. Үйім 50 миллион теңгеге сатылса, қалғанын жинап барамын деп жоспарладым. Сол үшін әлеуметтік желіні қолға алдым. 10 қарашадан бастап ақша жинай бастадым. 7 миллион теңге жиналды. Кейін ота үшін ақша қажет болмай қалды. Бірақ отадан кейін оңалту кезеңіне қаржы керек болды. Үлкен көлемде ақша жіберге таныстарым, тіпті бөтен адамдар да болды. 500 мың теңге, 200 мың теңгеден салды. Оларға хабарласып, ақшаны жұмсамағанымды, қайтарып бере алатынымды айттым. Алайда олар бас тартты, реабилитацияға жұмасарсыз деп өзімде қалдырды. Осылайша жиналған ақша түгелдей оңалуыма кетті”, – дейді Дәулет ағынан жарылып.
“Күніне 30 түрлі дәрі ішемін, оны өмір бойы қабылдаймын”
Айтуынша, реабилитация әлі жалғасып жатыр. Дәрігерлер оған алғашқы бір жылда тірі қалу мүмкіндігі – 87%, алдағы 5 жылда ықтималдық 50%-ға түсетінін айтқан. Қазір Дәулет екі-үш ай сайын тексеріліп, емханаға барып сараптама тапсырады. Медицина қызметкерлері өздері шақырып жүректі УЗИ-ге түсіреді, тексереді екен. Мен дәрігерлермен жолы болған науқаспын, дейді кейіпкеріміз.
“Дәрілерімді түгендеп, көмектеседі. Еліміздің медицина саласына еш шағымым жоқ. Шымкентте де, Алматыда да ауруханада жатқан кезде барлық қызметкерлер науқастарды патшадай күтеді, киіміңді киіндіріп, асты-үстіңе түседі. Дәрі, жататын жер, заманауи аппараттар барлығы қолжетімді. Осының бәрі де тегін. Ауруханадан шыққан соң емханалар дәрі береді. Бәрі бірдей тегін деп айта алмаймын, мысалы, айына 100 мың теңге тұратын дәрілер тегін берілмейді. Айына жалпы дәрілерге жұмсалатын ақша – 220 мың теңгедей. Бірақ өз қалтамнан 150-160 мың теңге шығады, өйткені қалған дәрілерді мемлекет өзі береді. Сондай-ақ бірінші топтағы мүгедектігім бар болғандықттан үкімет 110 мың теңге, еңбекке қабілеттілігімнен айырылғаным үшін 110 мың теңге аламын және қорғаншылық үшін 80 мың теңге, жалпы 308 мың теңгедей жәрдемақы аламын. Өзім жүрек ауыстырған соң өмір бойы дәрі-дәрмек ішу керек. Күніне 30 түрлі дәрі ішемін”, – дейді Дәулет Есенғаров.
Дәрігерлер ауыр отадан соң жоқ дегенде 10 ай гантель, жатадан дене көтеру жаттығуларын жасауға тыйым салған. Кейін дәрігердің нұсқаулығымен спортты бастауға болады дейді.
Осы отамен шапқылап жүргенде жақындарым, туыстарым, таныстарымның керемет адамдар екеніне көз жеткіздім дейді кейіпкеріміз. Ешбірі шетте қалмай, материалдық, моральдық тұрғыдан да қолдау көрсеткен. Алла менің өмірімде ең керемет жандарды жолықтырған екен деп ағынан жарылды Дәулет.