Қазақстандық зағип пианист Лондондағы байқауда жеңіске жетті: Елшіліктің сыйлығы жұрттың ашуын туғызды
Астаналық жас пианист Абылай Мұстафин Лондонда өткен халықаралық "Golden Time Talent" байқауында өз санаты бойынша 1-орын иеленді. Байқауға әлемнің 35 елінен қатысушылар қатысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абылайдың туғаннан бері көзі көрмейді. Алайда бұл оның жоғары нәтижелерге жетуіне кедергі болмаған. Биыл жас жігіт Жұмабек Тәшенов атындағы №10 мектеп-гимназияны үздік аттестатпен, ал Роза Бағланова атындағы музыка мектебін үздік дипломмен тәмамдаған.
Халықаралық байқаудағы жеңісінен бірнеше күн бұрын Абылай Қали Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінде білім алу үшін мемлекеттік грантқа ие болды.
Жас өнерпаздың жеңісінен кейін Лондондағы Қазақстан елшілігі Абылайды қабылдап сыйлық берген. Дәл осы сыйлық желі қолданушыларының сынына ұшырады.
Әлеуметтік желіде суреттерден халықаралық байқауда жеңіске жеткен жігітке елшілік “Тәуелсіздік монументінің” макеті мен “Қазақстан” шоколадын сыйлаған. Желі қолданушылары елшіліктің әрекетін құрметсіздік деп бағалады.

Артынша әлеуметтік желіде Абылай Мұстафиннің өзі елшіліктің сыйлығына қатысты пікір білдірді.
"Сыйлық маған өзіме өте ұнады. Ол пайдалы әрі символдық мәні бар. Мен туғаннан бері көрмеймін. Сондықтан қолмен ұстап көре алмайтын шынайы заттардың шағын нұсқаларын қатты ұнатамын. Солар арқылы көп нәрсені үйренемін. Мысалы, Лондондағы Табиғи тарих музейінде қолмен ұстауға болатын экспонаттар болғанына қарамастан, менің ең сүйікті орным кәдесыйлар дүкені болды. Ол жерде плезиозавр, брахиозавр, анкилозавр, тираннозавр, мозазавр, трицератопс, спинозаврдың үлгілерін, Ферн деп аталатын диплодоктың бас сүйегін, додо құсының үлгісін, Күн жүйесінің планетарий моделін және британдық зерттеу кемесі "Бигльдің" құрастырмалы моделін қолмен ұстап көрдім. Үйде зерттеу үшін мұндай үлгілерді сатып ала алмадым. Өйткені анам менің сапарыма онсыз да көп шығындалып, барлық шығынды өтеу үшін несие алуға мәжбүр болды. Бірақ музейде кемінде үш сағат болып, қолым жеткеннің бәрін ұстап көрдім", – деп жазды Абылай Мұстафин.
Музыканттың айтуынша, бұл сыйлық Қазақстанның тәуелсіздігін бейнелейді, сондықтан оның мәні зор.
"Қысқасы, елшілік үшін бұдан артық сыйлық ойлап табу қиын, Отаннан мыңдаған шақырым қашықта жүргенде жеңісіңнің қуанышын отандастарыңмен бөліскің келеді. Оның үстіне, елшіліктің кімге ақшалай сыйақы беру мәселесін шешуге өкілеттігі бар деп ойламаймын", – дейді музыкант.
Қазақстандықтар пікірлерде жас музыкантты мақтап, оның қарапайымдылығы мен өмірге деген сүйіспеншілігіне тәнті болды. Сондай-ақ мұндай балаларға жергілікті билік тарапынан көрсетілетін қолдау одан әрі күшейе түссе деген тілектерін білдірді.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық оқушылар экономика бойынша халықаралық олимпиадада бес медаль жеңіп алғаны туралы жазған едік.
Алматыда 7 жастағы баланы сарышаян шағып алған: Ауруханада оған қарсы вакцина табылмады