"Бір өліп, бір тірілгендей болдым": Аша Матай депутаттыққа түскеннен кейінгі ауыр кезеңін еске алды
Әнші әрі тележүргізуші Аша Матай Құрылтай депутаттығына кандидат болған тұста өзіне бағытталған сын-пікірлердің қалай қабылдағанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аша Матай саяси додаға араласқаннан кейін көпшіліктің қызу талқысына түскен еді. Әсіресе журналистердің заң жобалары туралы сұрағына берген жауабы желіде кең тарап, көп сын айтылды.
Өнер иесі сол кезеңнің өзіне оңай тимегенін жасырмады.
“Ұйықтай алмай, тамақ іше алмай қалған кездерім болды. Менің жүрегім нәзік, өнер адамымын ғой. Жылаған күндер де болды. Бәрі артта қалды. Бір өліп, бір тірілгендей болдым”, – деді Аша Матай.
Сайлау қорытындысында Қазақстан Халық партиясы 3,11 пайыз дауыс жинап, Құрылтайға өту үшін қажетті бес пайыздық межеге жете алмады. Соның нәтижесінде Аша Матай да депутаттық мандатқа ие болған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін әншілер Тамара Асар мен Аша Матай депутаттыққа ұсынылғаны хабарланған еді. Оның депутаттыққа баруы әлеуметтік желіде біраз уақыт қызу талқыланды. Бір тарап өнер адамдарының саясатқа келуін сынаса, енді бірі кез келген азаматтың қоғамдық-саяси өмірге араласуға құқығы барын алға тартқан.
Кейінірек танымал тележүргізуші, “Қазақстан Халық партиясының” атынан кандидат ретінде тіркелген Аша Матай өзін ашық пікірталасқа шақырған белгілі заңгер Мейірман Шекеевтың ұсынысынан бас тартқаны хабарланған еді.
“Анамның үйреткені – қазақ қызына жеке пікірін дәлелдеу үшін ер адаммен, оның үстіне ел ағасы жасындағы кісімен сөз таластыру жараспайды. Айтарым да, арманым да бар. Дегенмен тәрбием жібермейді. Дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Көкірегімді дәлелдеу үшін дауласуға жоқпын”, – деді ол.
Тележүргізуші қарсы пікір білдірген азаматтарды дауласуға емес, ел игілігі үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
