Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

70 жастағы қазақстандық апа отыз келілік қошқарды 40 рет көтеріп, көпшілікті таңғалдырды

апа
Фото: Видеодан скрин

Шығыс Қазақстан облысы Қасым Қайсенов кентінде өткен заманауи көшпенділер фестивалінде 70 жастағы апа отыз келілік қошқарды бірнеше рет көтеріп, көпті таңғалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қатысушылар арқан тарту, дәстүрлі садақ ату, ләңгі тебу, қошқар бейнесіндегі 30 келілік макетті көтеру, белбеу күресі және асық атудан өзара сынға түсті. 

Фестиваль қонақтары 30 келілік қошқар макетімен отырып-тұру сайысына ерекше көңіл бөлді. Бұл оңай сынақ болған жоқ. Қатысушылар үшін жас кедергі болмаған. Сайыстың басты жұлдызы 70 жастағы апа болды. Ол салмағы 30 келі болатын макетті 40 рет көтеріп, көрермендерді де, басқа қатысушыларды да таңғалдырды.

Ерлер арасында да ерекше нәтижелер тіркелді. Қатысушылардың бірі қошқар макетімен 1 070 рет, тағы бірі 1 010 рет отырып-тұрған. Бұл көрсеткіштер фестивальдің спорттық бағдарламасындағы ең көп талқыланған сәттердің біріне айналды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыстың негізгі мақсаты жеңімпазды анықтау емес. Қонақтарды көшпенділердің дәстүрлі ойындарымен таныстырып, олардың бүгінгі өмірде де маңызы бар екенін көрсету болған. Сондықтан жарыстарда кәсіби спорттағыдай қатаң бәсеке болмаған. Мұнда ең маңыздысы — қатысу, эмоция және өз күшіңді сынап көру.

Айта кетейік, бұған дейін 51 жастағы шығысқазақстандық Аяш Қабдоллаева VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан алтын медаль жеңіп алғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 14:44