Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көшпенділер ойындарында алтын алған отандасымыз марапаттау кезінде көз жасына ерік берді

 
Аяш
Фото: видеодан скриншот

51 жастағы шығысқазақстандық Аяш Қабдоллаева VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан алтын медаль жеңіп алды. Жеңісі белгілі болған сәтте спортшы эмоциясын жасыра алмай, көз жасына ерік берді. Оның бұл сәті әлеуметтік желі қолданушыларын да толқытты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аяш Қабдоллаева 60 метр қашықтықтан "Пута" нысанасына садақ атудан сынға түсіп, қарсыластарынан басым түсті. Жарыстан кейін тараған видеода спортшының Қазақстан туын ұстап, көпшіліктің қошеметінен кейін көзіне жас алғаны көрінеді. Желі қолданушылары оның жеңісінен бөлек, қарапайымдылығы мен шынайы эмоциясына назар аударды.

"Өте қарапайым, ұяң екен. Көпшіліктің назарына үйренбеген. Біздің халық сондай ғой, мақтануға үйренбеген. Жеңіске жетті де, жылап жіберді", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

“Жасым келді, біраз жасқа кеп қалдым, жас емеспін енді” деп өз арман-мақсатыңыздан бас тартпаудың үлгісі болдыңыз!" – деп жазды тағы бір қазақстандық.

Ал кей қолданушылар спортшының жетістігін мемлекет те лайықты бағалауы керек деген пікір білдірді.

"Олимпиада чемпиондарына берген сыйлықты берсін мемлекет. Қазақ елі жасасын!" – делінген пікірлердің бірінде.

Аяш Қабдоллаеваның бұл спортқа келу тарихы да ерекше. Ол дәстүрлі садақ атуды бала кезінен меңгермеген, кәсіби спортпен ондаған жыл айналысқан спортшы да емес. Садақты алғаш 49 жасында қолға алған.

Sportilinet дерегінше, бұған оның келіні Ажар Төлеуханова себеп болған. 2024 жылы Ажар үйге садақ әкеліп, енесі мен атасына садақ атуды үйреткен. Осыдан кейін Аяш жұбайымен бірге жаттыға бастайды.

Алғашқы нәтиже де көп күттірмеген. Бірнеше айдың ішінде Аяш Қабдоллаева Шығыс Қазақстан облысының чемпионатында жеңіске жетеді. Уақыт өте келе енесіне садақ ұстатқан Ажар оның бапкеріне айналған. VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына да Аяш Қабдоллаеваны келіні дайындаған екен.

Ал садақ атудан бұрын оның өмірі спорттан мүлде басқа саламен байланысты еді. Қабдоллаева 30 жылға жуық мұғалім болып еңбек еткен. 2022 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысындағы Глубокое ауылында "Атамұра" қолданбалы өнер үйірмесіне жетекшілік етеді.

Спортпен кеш айналыса бастағанына қарамастан, Қабдоллаева халықаралық деңгейде де нәтиже көрсетіп үлгерді. 2025 жылы Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында өткен әлем кубогында "Жамбы" сайысынан бірінші орын алды. Әйелдер арасындағы жарысқа 130-дан астам садақшы қатысқан.

 

https:

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 04 Қыркүйек, 2026 17:34