Қазақстандық оқушылар экономика бойынша халықаралық олимпиадада бес медаль жеңіп алды

Қазақстандық оқушылар Экономика бойынша халықаралық олимпиадада бес медаль жеңіп алды. Қытайдың Сучжоу қаласында өткен беделді білім додасында ұлттық құрама 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль иеленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
12-20 шілде аралығында Қытай Халық Республикасының Сучжоу қаласында өткен International Economics Olympiad (IEO) 2026 халықаралық экономика олимпиадасында Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Әлемнің 61 елінен 300-ге жуық дарынды оқушы қатысқан беделді додада қазақстандық оқушылар 1 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль иеленді.
Қазақстан құрамасының жеңімпаздары:
- Мұхтархан Батырхан – Астана қаласы Нұра ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.
Алтын медальжеңіп алып, Халықаралық экономика олимпиадасының екі дүркін алтын жүлдегері атанды.
- Кемелов Дінмұхаммед – Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы, күміс медаль.
- Жапаров Альтаир – Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы, күміс медаль.
- Сұлтанбек Аружан – Алматы қаласындағы "Мирас" халықаралық мектебінің 11-сынып оқушысы. Күміс медаль.
- Қуанышбек Темірлан – Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 10-сынып оқушысы, қола медаль.
Ұлттық құраманы "Teenvestor" мектебінің директоры, ұлттық құраманың жаттықтырушысы Руслан Мұлдашев және "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Зере Жарлағапова дайындады.
Мұндай жетістік – дарынды жастарды қолдау және оқушыларды халықаралық зияткерлік жарыстарға жүйелі түрде дайындаудың нәтижесі. Әлемнің 61 елінен жиналған ең мықты қатысушылар арасындағы табысты өнер көрсету қазақстандық оқушылардың экономика, қаржы және бизнес салаларындағы білімінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетейік, International Economics Olympiad (IEO) – экономика, қаржы және бизнес бағытындағы дарынды мектеп оқушыларын біріктіретін әлемдегі ең беделді зияткерлік олимпиадалардың бірі. Байқау барысында қатысушылардың теориялық білімімен қатар, аналитикалық ойлау қабілеті мен практикалық жағдайларда тиімді шешім қабылдау дағдылары бағаланады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасы Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-Халықаралық физика олимпиадасында (IPhO) ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізген еді. Әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысқан беделді білім додасында ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль жеңіп алды. Алтын жүлдені Нұргүл Егенбергенова, Әмірбек Азатбеков, Ілияс Қазымбек, Роман Черемнов және Дамир Құрман иеленіп, Қазақстанның IPhO олимпиадасына қатысу тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді.
Оқыңыз