Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оқушылар мектеп дәлізінде самокат теуіп, егде жастағы қызметкерді келемеждеген: Министрлік желіде тараған видеоға түсініктеме берді

Самокат
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде жасөспірімдердің мектеп дәлізінде самокат теуіп, егде жастағы қызметкерді келемеждеп, күліп жатқан видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Видеода егде жастағы ер адам балаларға ескерту жасап, тәртіп сақтауға шақырады. Алайда оқушылар оның сөзіне құлақ аспаған. Кадрлардан дәлізде велосипедпен жүрген жасөспірімді де байқауға болады. 

Видео желі қолданушыларының наразылығын тудырды.

Желіде тараған ақпаратта оқиғаның Түркістан облысындағы мектептердің бірінде болғаны айтылған.

Даулы видеоға қатысты оқу-ағарту министрлігі түсініктеме берді. Министрлік бұл ақпаратты тексергенін, алайда оның жалған болып шыққанын мәлімдеді.

"Жүргізілген тексеру нәтижесінде видеоның Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарына еш қатысы жоқ екені және оның Қазақстан Республикасынан тыс жерде түсірілгені анықталды", – делінген министрлік хабарламасында. 

Министрлік әлеуметтік желі қолданушыларын жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада электрсамокаттағы үш жасөспірім автобус астына түсе жаздағаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2026 19:57