Қазақстандық оқушылар ең беделді халықаралық жарыста бес алтын медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы физикадан ең беделді халықаралық білім додасында ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімдері мен ғылыми даярлықтарын сынға салды. Қазақстандық жас физиктер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бес алтын медаль иеленді. Бұл – Қазақстанның IPhO олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.
Алтын медаль иегерлері:
- Нұргүл Егенбергенова – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
- Әмірбек Азатбеков – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы;
- Ілияс Қазымбек – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;
- Роман Черемнов – Алматы қаласындағы "Мирас" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
- Дамир Құрман – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.
“Бұл тарихи жетістікке ұлттық құрама үш жыл бойы жүйелі дайындалды. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындады. Дайындық жұмыстарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті. Ал Халықаралық физика олимпиадасында ұлттық құраманың жұмысын SDU университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Самат Мақсұтов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев үйлестірді”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Халықаралық физика олимпиадасы 1967 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысады. 2025 жылы ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған болса, биыл еліміздің бес оқушысы да алтын медаль иеленіп, Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді
Алексей: "Cirque du Soleil-ге өтінім жіберіп, жауабын 4 жыл күттік"
"Түрлі тағам пісіремін, өкшелі аяқкиім киіп, саяхаттаймын": Желіде боянғанын көрсеткен 90 жастағы қазақстандық әже жұртты сүйсіндірді
Күнсара әже: "10-15 күн сайын моншаға барып, көп кітап оқып, әдемі жүргенді ұнатамын”