Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Соңғы станса": Астана тұрғыны LRT станциясындағы қазақша жазуды сынға алды

Станса
Фото: Видеодан скрин

Астана тұрғыны LRT станцияларының біріндегі "Соңғы станса" деген қазақша тақтайшаға шүйлікті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі қолданушысы парақшасында видео жариялап, "станса" деген сөздің оғаш естілетінін, дұрыс нұсқасы "бекет" болуы керегін айтқан. 

Желі қолданушылар да әйелдің пікірін қолдап, бұл жағдайда "бекет" немесе "аялдама" сөздерін қолданған орындырақ болар еді деген пікір білдірді.

Қолданушылар "соңғы станция" деген тіркесті сөзбе-сөз аударғандықтан "соңғы станса" атауы пайда болғанын жазды. 

Ал Астана CTS компаниясы Tarlan Astana нысандарында "станса" терминінің әдейі қолданылатынын мәлімдеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, Tarlan Astana нысандарына қатысты қазақ тілінде "бекет" емес, "станса" термині қолданылады.

CTS бұл таңдауды LRT-нің рельсті көлік түріне жататынымен түсіндірді. Компанияның мәліметінше, "станса" термині теміржол инфрақұрылымын реттейтін заңнама мен құжаттарда қолданылады. Сонымен қатар бұл сөз қазақ тілінің сөздіктерінде "станция" сөзінің баламасы ретінде тіркелген және Республикалық терминология комиссиясы тарапынан бекітілген.

 

Неліктен "бекет" емес?

CTS өкілдері "бекет" сөзінің мағынасы сәл өзгеше екенін түсіндірді.

"Қазақ тілінде "бекет" сөзі көбіне бақылау, күзет немесе қызмет көрсету пункті мағынасында қолданылады. Мысалы, полиция бекеті, медициналық бекет, өрт сөндіру бекеті", – деп түсіндірді компания.

Сондықтан компания LRT нысандарында платформалар, турникеттер, лифттер, эскалаторлар, қауіпсіздік жүйелері мен навигация қарастырылғанын ескере отырып, бұл жағдайда "станса" терминін қолдану дұрысырақ деп санайды.

CTS сонымен қатар көрсеткіштердегі сөздер компания тарапынан өз бетінше таңдалмайтынын атап өтті. Tarlan Astana нысандарының атаулары ономастика комиссиясымен және тілдерді дамыту саласындағы уәкілетті органмен келісіледі.

Еске салсақ, бұған дейін "қыркүйек" пен "қыргүйекке" қатысты даудан соң қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігі әзірленетіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 18:41