Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында жасөспірім мүгедектігі бар әжені балталап өлтірді деген күдікке ілінді

қылмыс
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Желіде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында 15 жастағы жасөспірім әйелді балталап өлтірді деген ақпарат тарады. Threads қолданушысы оқиғаның “Синий кит” деп аталатын интернет-ойынмен байланысты болуы мүмкін екенін жазған. Алайда полиция берген ресми хабарламада бұған қатысты ештеңе айтылмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жазба авторының айтуынша, оқиға шамамен бір апта бұрын болған. 

“Синий кит әлі де бар екен. Ата-аналар балалаларыңызға абай болыңыздар!  Бір апта бұрын Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында 15 жастағы 9-сынып оқитын ер бала, мүгедектігі бар апаны балталап өлтіріпті. Басында біз де сенбедік. Бірақ мұғалімдер жиналыс ашқан кезде ғана сендік. Жасөспірім синий кит ойнаған екен. Оған “мұғалімді өлтір” деген тапсырма берілген. Бала “мұғалімді өлтіре алмаймын, одан да өмірде қиналып жүрген адамды өлтірейін” деп мүгедектігі бар апаны базардан аңдып жүріп өлтірген. Соңына түсіп, әйел үйінің кіреберісіне таяған кезде басына балта қадап, 7 минут бойы соғыпты”, – деп жазды желі қолданушысы. 
пікір
Фото: Threads скрин

Жазба авторының сөзінше, қорқынышты жайтты көлікпен кетіп бара жатқан адам байқаған. 

“Жағдайды жанынан өтіп бара жатқан машинадағы адам байқаған. Сол кісінің камерасына түсіп қалған. Сот болғалы жатыр. Бірақ бала сары қағаз жазғызып алыпты”, – деп жазды жазба авторы. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінен мән-жайды сұрап білді. Олар қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 

“Аталған факті бойынша Зайсан аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктіге қатысты сот санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Істің толық, жан-жақты және объективті болуын қамтамасыз етуге бағытталған тергеу және процессуалдық әрекет жүріп жатыр”, – делінген хабарламада. 

Оған қоса полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейтінін айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында әйелін балталап тастаған мұғалім 15 жылға сотталғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 18:32