Astana Motors Hyundai және KIA автокөліктеріне сымдар шоғырын өндіруді бастайды
Келісімге Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына сапары аясында, Сеулде қол қойылды.
Astana Motors және оңтүстіккореялық THN Corporation компаниясы Қазақстанда автокөлікке арналған сымдар шоғырын өндіруге лицензия беру туралы келісімге қол қойды. Алғашқы сериялық жеткізілімдерді 2026 жылғы желтоқсанда бастау жоспарланып отыр.
Салтанатты рәсім Сеул қаласында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына сапары аясында өтті. Құжатқа Astana Motors бас директоры Бекнұр Несіпбаев пен THN Corporation бас директоры Чэ Сынхун (Chae Seounghoon) қол қойды.
Келісім технологияларды беру арқылы Hyundai және Kia модельдеріне арналған автокөлік сымдары шоғырын өндірісін жергілікті жағдайда бейімдеуді көздейді. Жобаны 2026 жылғы маусымда Astana Motors пен THN Corporation компанияларының бірлесіп құрған Kazakhstan Wire Systems кәсіпорны жүзеге асырады.
"Автокөлік сымдары шоғырын өндіруді 2026 жылғы желтоқсанда Алматы индустриялық аймағында орналасқан Astana Motors Технопаркінде іске қосу жоспарланып отыр. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 4,6 миллион доллар (2 миллиард теңгеден астам) болды. Өндірістік қуаты жылына 100 мың автокөлік сымдары шоғырын құрайды", – деді Astana Motors бас директоры Бекнұр Несіпбаев.
Алғашқы кезеңде Kazakhstan Wire Systems кәсіпорнында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Ал 2027 жылы қызметкерлер санын 509 адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мұндағы жаңа жұмыс орындарының шамамен 70%-ын әйелдер қамтиды.
2026 жылы Kia Sportage автокөліктеріне арналған сымдар шоғыры Қостанайдағы KIA Qazaqstan зауытына жеткізіле бастайды. 2027 жылы кәсіпорын Hyundai Tucson моделіне арналған сымдар шоғын шығаруды игеруді жоспарлап отыр. Кейіннен өнім Hyundai Trans Kazakhstan, Astana Motors Manufacturing Kazakhstan және еліміздегі басқа да автокөлік кәсіпорындарына жеткізілетін болады.

Автокөлік сымдар шоғыры – сым, кабель, қосқыштар мен қорғаныс элементтерінен тұратын күрделі жүйе. Ол автокөліктердің электр және электронды тораптарын өзара байланыстырады. Сымдар шоғыры арқылы қозғалтқышқа, қауіпсіздік, жарықтандыру, мультимедиа және жүргізушіге көмектесетін электронды жүйелеріне электр қуаты мен сигналдар беріледі.
"Автокөлікке арналған сымдар шоғыры сияқты компоненттің конфигурациясы нақты модель мен оның электронды архитектурасына сәйкес дайындалады. Сондықтан жергілікті өндірісті жолға қою үшін автокөлік өндірушісінің инженерлік құжаттамасына қол жеткізу, оның сапа стандарттарын сақтау және автокөлік зауытының өндірістік жоспарымен дәл үйлестіру қажет. THN Corporation компаниясымен қол қойылған келісім осыған қажетті лицензиялық және технологиялық шарттарды бекітеді", – деді Бекнұр Несіпбаев.
THN Corporation компаниясы 1986 жылы құрылған. Компанияның штаб-пәтері Корея Республикасының Тэгу қаласында орналасқан. THN Corporation автокөлік сымдары шоғырларын, электр және электронды компоненттерді әзірлеу және өндіруге маманданған, сондай-ақ электромобильдерге арналған жоғары вольтты жүйелер саласында зерттеулер жүргізеді.
THN – Hyundai Motor Group компаниясының жеткізушісі және әлемнің түрлі елдерінде орналасқан Hyundai мен Kia зауыттарын компоненттермен қамтамасыз етеді. Компанияның өндірістік желісі Корея Республикасы, Қытай, Вьетнам, Филиппин, Мексика, Парагвай және Бразилия елдерін қамтиды. 2007 жылы THN корпорациясы Hyundai және Kia компанияларының технологиялық стандарттарына сәйкестігі бойынша бес жұлдызды сертификатқа ие болды. Компанияның акциялары Корея қор биржасында айналымға шыққан.

Айта кетейік, 2026 жылғы 15 қыркүйекте Корея Республикасына сапар аясында Astana Motors кореялық серіктестерімен автокөлік өнеркәсібін дамытуға, оның ішінде Astana Motors Технопаркінде автокомпоненттер өндірісін ұйымдастыруға бағытталған жалпы сомасы 78,3 миллион доллар болатын келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда, Hyundai Motor Company компаниясымен жаңа Hyundai Tucson моделінің ұсақ түйінді өндірісін локализациялау, Youngsan Glonet Corporation компаниясымен газ бәсеңдеткіштер мен орындық қаптамаларын өндіру, THN Corporation компаниясымен электр сым шоғырларын өндіру, MOTREX компаниясымен автокөлік еден жабындарын өндіру бойынша келісімдер жасалды.
Жобаларды іске асыруға президент әкімшілігі, өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, сыртқы істер министрлігінің инвестициялар комитеті және Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы елшілігі қолдау көрсетті.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты