Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан чемпионы зауытта тоққа түсіп қаза тапты

Тілектес Әділ

Фото: Тілектес Әділ

 

Түркістан облысында есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы болған Тілектес Әділ өндірістегі қайғылы оқиғадан қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тілектес Әділ есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында грек-рим күресінен Қазақстан чемпионы болған. Сонымен қатар ол Түркістан облысындағы плитка өндіретін зауытта жұмыс істеген. Әділ сол жерде ауысым кезінде қаза тапқан.

Досының айтуынша, сол күні кешкі уақытта Әділ биіктікте жұмыс істеген. Жанында электр сымы болған. Ол абайсызда сымға тиіп кетіп, тоқ соққан. Салдарынан биіктен құлап кеткен. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

2018 жылы Әділ Ақтөбеде өткен Қазақстан спартакиадасына қатысқан. Ал 2019 жылы 60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионы атанған.

Жақындарының айтуынша, Әділ зауытта да жұмыс істеген және ол жерде есту қабілеті бұзылған алғашқы қызметкер болған. Кәсіпорын басшылығы оған жұмыстың есту қабілеті бұзылған адам үшін қиын әрі қауіпті болуы мүмкін екенін ескерткен. Соған қарамастан, ол жұмысын жалғастырған.

Әділдің артында әйелі мен екі баласы қалды. Ол спортпен айналысуын тоқтатпай, жарыстарға қатысып, жаңа чемпиондық атақтар үшін күресуді жоспарлаған.

Еске салайық, бұған дейін 2023 жылдың мамырында Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 10 жасар Бейбарыс жоғары кернеулі электр қосалқы станциясында тоққа түсіп, ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оның бір аяғын ампутациялауға мәжбүр болды. Оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғап, мән-жайды анықтауға кіріскен еді. Жәбірленуші тарап қосалқы станцияның құлыпталмағанын айтып, жауапты мекемені кінәлаған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 15:39