Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор актер Нұрсұлтан Жақсыгенді 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Нұрсұлтан Жақсыген
Фото: Видеодан скриншот

Актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы оны үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мұны іс бойынша жәбірленуші Фариза Алмасқызы мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы жұбайына қатысты жағымсыз ақпарат таратып, оның ар-намысына нұқсан келтірді деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр.

14 қыркүйекте өткен сот отырысы жабық форматта ұйымдастырылған. Фариза Алмасқызы сотқа онлайн қатысқанын айтып, прокурор сұраған жаза мерзімін жариялады.

“Құрметті достар, бүгін, 14 қыркүйекте Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот отырысы өтті. Біз онлайн қатыстық. Сот барысында прокурор Нұрсұлтан Жақсыгенді 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ әлі соңғы шешім шыққан жоқ. Үкім 16 қыркүйекте белгілі болады”, – деді Фариза Алмасқызы.

Соттың соңғы шешімі 16 қыркүйекте жарияланады деп күтіліп отыр.

Еске салайық, бұған дейін экс-әйелін балағаттаған блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге желі қолданушылары бойкот жариялағаны хабарланған еді. Актер әйелін “көшедегі әркімнің біреуі”, “есік көрген қызды ешкім бағаламайды” деп кемсітіп, балағат сөздер қолданған. Сондай-ақ ол бұрынғы жарының тұрмыстық және жеке өмірін мазақтап, ар-намысына тиетін пікірлер жазған.

Осыдан кейін Фариза Алмасқызы экс-күйеуінің үстінен арыз түсіргенін мәлімдеді. 

“Бүгінде Н.Жақсыген үстінен 2 баппен 2 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы және 274-бап 2-бөлігі, 3-тармағы бойынша іс қозғалды. Адвокатым екеуміз бұл істе сотқа дейін барып, соңғы нүктесін қоямыз! Заң алдында тиісті жазасын алады!" – деп жазды ол.

Ал актер даулы жазбалардың өзіне қатысы жоқ екенін айтып, олардың жалған парақшалар арқылы жарияланғанын алға тартты.

“Сот сараптама жүргізіп жатыр. Қазір менің атымнан көптеген жалған парақша ашылған. “Бодимассаж жасайды” дегенді пікірді мен жазған жоқпын, ол жалған. Мен тек балаларды көрсет деген сынды пікірлер қалдырдым”, – деді актер. 

Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық істі Алматы облысы Қарасай аудандық соты қарап жатыр. 

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 16:20