Астанада ер адам әйелін пышақтап, кейін өзіне қол салған
Астанада ерлі-зайыптының жанжалы қайғылы аяқталды. 55 жастағы ер адам 53 жастағы әйелін пышақтап, кейін өзіне де қол салған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанада пәтерден 53 жастағы әйел мен оның 55 жастағы күйеуінің мәйіті табылды. Елорда полиция департаменті әйелдің өлтірілгенін және кейін күйеуінің өзіне қол жұмсағанын растады.
"Анықталғандай, ерлі-зайыптының арасында жанжал туындаған. Сол кезде 55 жастағы ер адам 53 жастағы әйеліне пышақ жарақатын салған. Кейін өзіне пышақ сұққан. Алған жарақаттарының салдарынан екеуі де оқиға орнында қаза тапты", – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеушілер қайғылы оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының Шеңгелді ауылында 38 жастағы әйел күйеуін пышақтап өлтірген еді. Сот алқабилері әйелдің ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық көргенін және пышақты өзін қорғау үшін қолданғанын ескеріп, оны ақтап шығарды. Алайда марқұмның туыстары сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты
