Түркістанда ер адам әйелін пышақтап өлтіріп, артынша өзіне қол салмақ болған
Түркістан қаласында ер адам әйелін пышақтап өлтіріп, артынша өзіне қол салмақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қанды оқиғаны бірінші болып үйдің кенже ұлы көрген дейді көршілері. Анасының өміріне араша түскен жігіт жедел жәрдем шақырғанымен, 54 жастағы әйел жансақтау бөлімінде көз жұмыпты.
“Арманы көп адам еді ол. Мен жеткізе алмаймын. Ешқандай қимаймын да. Оларда жетіспеушілік жоқ деп ойлаймын. Жағдайлары дұрыс. Мен ойлаймын бір айыбы сол отбасылық жанжал шығар. Бірақ ол үшін адамның өмірі деген ойыншық болып қалды ма сонда? Апа мен кешігіп қалдым. Кешігіп қалдым дейді кішкентай баласы. Ұйықтап жатқан ғой ол іште. Мамамның даусын естіп шықсам уже қан атқылап жатыр дейді”, – дейді марқұмның көршісі Гүлнар Сапарова.
Көршісінің айтуынша, марқұм әйелдің күйеуі өзінен 13 жасқа үлкен болған. Бұл ер адамның екінші некесі екен.

Төрт бала өсірген ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжалға не себеп болғаны әзірге белгісіз. Көршілері 25 жыл отасқан екеуінен де теріс қылық байқамапты. Көпбалалы ана өмір бойы үй шаруасымен айналысқан дейді.
Тұрғындардың сөзіне сенсек, қолы қанға боялған жолдасы денесін пышақпен тіліп жіберген. Алайда, тез арада ауруханаға жеткізіліп, беті бері қараған екен. Марқұмды жақындары бүгін жер қойнына тапсырды.
“Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылуда. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылданатын болады”, – деді Түркістан облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Мұхтар Сейділдаев.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістанда зейнеткер өгей ұлы мен келінін өлтірді деген күдікке ілінгені туралы жазған едік.
Қазақстандық оқушыны спорттық аяқ киіммен барғаны үшін мектепке кіргізбей қойған