Қарағанды облысында мәслихат депутаты отырыс кезінде темекі шегіп, айыппұл арқалады
Қарағанды облысында Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы Қанат Саққұлақов онлайн отырыс кезінде жұмыс орнында электронды темекі шеккені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мәслихат депутаттарының жиыны Zoom арқылы өткен. Тікелей эфирден депутаттың жұмыс кабинетінде электронды темекі шеккен сәті көрініп, кейін видео әлеуметтік желіге тарап кеткен.
Осакаров аудандық мәслихатының басшысы Қаныбек Төлеуовтің айтуынша, тексеріс кезінде жұмыс орнында темекі шеккені расталған. 15 қыркүйекте полиция қызметкері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырып, айыппұл салған. Аталған бап заңмен темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі өнімдерін тұтынғаны үшін жауапкершілікті қарастырады.
Еске салайық, бұған дейін Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева депутаттар әдеп нормаларын қызмет барысында ғана емес, одан тыс уақытта да сақтауға тиіс екенін айтқан еді. Әдеп талаптарын бұзған жағдайда депутатқа ескерту жасау, көпшілік алдында кешірім сұрату, бір немесе үш отырыста сөз сөйлеу құқығын шектеу, отырыстан шығару және бір күндік жалақысынан айыру қарастырылған. Мұндай мәселелерді Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес қарайды.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты

