Енді әдеп нормасын бұзған Құрылтай депутаттары бір күндік жалақыдан қағылып, кешірім сұрайды
Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаева депутаттар әдеп нормаларын бұзған жағдайда қандай шаралар қолданылатынын түсіндірді. Олардың қатарында көпшілік алдында кешірім сұратудан бастап, бір күндік жалақысынан айыруға дейінгі жаза бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еспаеваның айтуынша, депутат әдеп нормаларын бұзса, оған ескерту жасалуы мүмкін. Сондай-ақ көпшілік алдында кешірім сұрату, Құрылтайдың бір немесе үш отырысында сөз сөйлеу құқығын шектеу, отырыстан шығару және бір күндік жалақысынан айыру қарастырылған.
Мұндай мәселелерді Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес қарайды. Кеңес жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштер мен шағымдарды зерделеп, қорытындысы бойынша Құрылтай төрағасына ұсыныс береді.
"Бүгінде Құрылтайда 145 депутат бар. Оның құрамы 78 пайызға жаңарды. Сондықтан депутаттық әдеп нормаларын түсіндіру жұмыстары аса маңызды", – деді Дәния Еспаева.
Әдеп талаптары депутаттың Құрылтайдағы жұмысына ғана қатысты емес. Еспаеваның сөзінше, депутат қызметтен тыс уақытта да өз мәртебесіне сай мінез-құлық нормаларын сақтауға тиіс.

Мәселен, негізсіз айып тағу, әріптестерін немесе өзге азаматтарды қорлау, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін сөздер айту әдеп нормасын бұзу болып саналады. Сонымен бірге депутат өз мәлімдемелері мен БАҚ-қа берген сұхбаттарында тек тексерілген әрі шынайы ақпарат ұсынуға міндетті. Дәлелденбеген ақпарат тарату да әдеп мәселесін қарауға негіз болуы мүмкін.
"Депутатқа қойылатын әдеп талаптары оның қай жерде жүргеніне қарамастан сақталуы тиіс. Ол жұмыс орнында болсын немесе қызметтен тыс жерде болсын, депутат мәртебесіне сәйкес мінез-құлық талаптарын ұстануы керек", – деді ол.
Депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің құрамы мен төрағасы Құрылтай бюросының шешімімен бекітіледі. Кеңес құрамына барлық партиялардың өкілдері мен тұрақты комитет төрағаларын енгізу ұсынылған.
Айта кетейік, бүгін Құрылтай жаңа регламентін қабылдады.
"Өзімді қызбын деп шектеген емеспін": Қазақстандағы құтқару авиациясының жас ұшқышы қалай адамдарды құтқарып жүр