Құрылтай регламенті қабылданды: Заң жобалары енді үш оқылымда қаралады
Бүгін Құрылтай депутаттары жаңа регламентті қабылдады. Құжат бір палаталы Құрылтайдың жұмыс тәртібі мен депутаттардың қызметін реттейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Регламент Қазақстанның жаңа Конституциясы мен "Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заң негізінде әзірленген.
Құжаттағы негізгі өзгерістің бірі – заң жобаларын қараудың үш кезеңді тәртібі. Бірінші оқылымда заң жобасының негізгі ережелері, мақсаты мен міндеттері талқыланады. Екінші оқылымда жауапты комитеттің салыстырмалы кестесіне енгізілген түзетулер қаралады. Үшінші оқылымда құжаттың соңғы редакциясының Конституцияға сәйкестігі мен құқықтық олқылықтардың бар-жоғы тексеріледі.
Ал халықаралық шарттарды ратификациялау немесе олардың күшін жою туралы заң жобалары екі оқылымда қаралады.
Регламентте Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің өзара жұмыс істеу тәртібі де белгіленді. Кеңес өкілдері өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тыңдауларға, тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына қатыса алады.
Сондай-ақ құжатта депутаттық әдеп қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестің жұмыс тәртібі жеке қарастырылған.
Бұған дейін Мәжіліске енгізілген заң жобалары қайта әзірленбейді. Оларды Құрылтай жаңа регламент бойынша қарауды жалғастырады. Бұл норма Конституциялық заңда да бекітілген.
Түркістан облысында әскерге кеткен сарбаз мүгедек болып оралды
