Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда талап бұзған құрылыс компанияларын жазалаудың жаңа тәртібі енгізілді

құрылыс
Фото: freepik.com

Қазақстанда заң талаптарын өрескел бұзған құрылыс компаниялары енді арнайы тізімге алынады. Оған енген кәсіп иелері үш жыл бойы азаматтар мен ұйымдардан құрылысқа ақша ала алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, жосықсыз құрылыс салушылардың тізімі қазірдің өзінде іске қосылған. Ол Qazreestr сайтында жарияланады. Әзірге тізімге тиісті мәліметтер енгізіліп жатыр.

"Талапты бұзған құрылыс компаниясының тізімі бар сайт бүгінде жұмыс істеп тұр. Құрылыс кодексін іске асыру аясында тізілімді жүргізу қағидалары да қабылданды, Өнеркәсіп және құрылыс министрінің тиісті бұйрықтары бекітілді", – деді Бақытжан Жүнісбеков.

Компанияны сенімсіз құрылыс салушылар қатарына қосудың екі ғана себебі бар. Егер сот өз бетінше салынған тұрғын үйді бұзу туралы шешім шығарса немесе құрылыс салушыға қатысты сот үкімі заңды күшіне енсе, компания тізімге алынады.

Айта кетерлігі, мұндай тізім жасау жаңа Құрылыс кодексінде қарастырылған. Бастапқыда оны іске қосу 2026 жылғы 1 шілдеге дейін шегерілген еді. Шілдеде электронды жүйе әлі жұмыс істемеген. Енді министрлік тізімнің іске қосылғанын, қазір оған құрылыс салушылар туралы мәліметтер енгізіліп жатқанын хабарлады.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 17:43