Қазақстандықтар күмәнді қоңырау түскен нөмірді тексерте алады
Қазақстанда күмәнді қоңырау түскен телефон нөмірін байланыс операторына бірден тексеруге жіберетін қызмет іске қосылды. Абонентке ол үшін колл-орталыққа хабарласудың қажеті жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әзірге мұндай мүмкіндік Kcell және activ абоненттеріне арналған SuperApp қосымшасында бар. Күмән тудырған нөмірді қосымшадағы арнайы форма арқылы жіберуге болады. Содан кейін жүйе сол нөмірге қатысты қолда бар мәліметтерді тексереді. Егер алаяқтық белгілері анықталса, нөмірдің жұмысына шектеу қойылады.

Компанияның мәліметінше, жыл басынан бері Kcell желісінде алаяқтық белгілері бар 19,7 миллионнан астам қоңырау бұғатталған. Бұған қоса 6 миллионнан астам алаяқтық және спам SMS-хабарлама тоқтатылып, күмән тудырған 31 мыңнан астам нөмірдің жұмысына шектеу қойылған.
Банктер, байланыс операторлары мен абоненттер берген мәліметтер бойынша тағы 54 мыңға жуық нөмір тексерілген. Соның шамамен 3,5 мыңынан алаяқтық белгілері табылып, бұғатталған.
"Алаяқтардың әрекет ету тәсілдері үнемі өзгеріп отырады, сондықтан тек бұрыннан белгілі сценарийлерге ғана қарсы әрекет ету жеткіліксіз. Мұндай жағдайда ақпараттың жедел түсуі ерекше маңызды. Егер абонент күмән тудырған қоңырау алса, енді ол бірнеше әрекет арқылы нөмірді бізге тексеруге жібере алады. Осындай хабарламалар бізге неғұрлым жедел жетсе, нөмірді соғұрлым жылдам тексеріп, алаяқтық белгілері анықталған жағдайда оның қызметін шектей аламыз", – деді "Кселл" АҚ қауіпсіздік жөніндегі бас директоры Данияр Ибраев.
Компания күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларды желі арқылы анықтап, бұғаттайды. Сонымен бірге абоненттерден түскен шағым бойынша нөмірлерді жеке тексеріп, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдар және қаржы ұйымдарымен бірге жұмыс істейді.
Kcell мамырдан бері антифрод колл-орталығы жобасына да қатысып жүр. Бұл жүйе күмәнді қоңырауды абонентке жеткізбей, басқа желіге бұрып жібереді. Осылайша алаяқ болуы мүмкін адамның нақты абонентпен байланысуына жол бермеу көзделген. Компанияның мәліметінше, бірнеше айда 30 мыңнан астам күмәнді қоңырау осылай тоқтатылған.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты