Жұмыссыздық бойынша төлем үш айға дейін қысқарады: Еңбек министрлігі ережені өзгертеді
1 қазаннан бастап Қазақстанда жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қызмет көрсету тәртібі өзгереді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа тәсілді алдымен пилоттық жоба ретінде сынақтан өткізбек. Соның аясында азаматқа жұмыссыз мәртебесін бермес бұрын лайықты жұмыс іздеу мерзімі қазіргі 2 күннен 13 күнге дейін ұзарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, осы уақыт азаматты жай ғана жұмыссыз ретінде тіркеуге емес, оған лайықты жұмыс табуға жұмсалмақ. Мансап орталығының мамандары жұмыс іздеушінің еңбек тәжірибесін, кәсіби дағдылары мен қажеттілігін анықтап, соған сай бос жұмыс орындарын ұсынады. Қажет болған жағдайда жұмыс берушілермен де тікелей байланыс орнатылады.
"Жаңа тәсілдің басты мақсаты – жұмыс іздеп жүрген адамға көрсетілетін көмекті оның нақты жағдайына қарай ұйымдастырып, жұмысқа орналасуына ықпал ету. Енді мансап орталығына жүгіну тек жұмыссыз ретінде тіркелумен шектелмейді. Мамандар азаматтың тәжірибесі мен кәсіби дағдыларын анықтап, лайықты бос жұмыс орындарын ұсынады. Яғни әр адамға жеке бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі", – делінген Еңбек министрлігінің хабарламасында.
Пилоттық жоба кезінде мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының мамандары да жаңа тәртіп бойынша оқудан өтеді. Олар азаматтың кәсіби мүмкіндігін бағалау, лайықты жұмыс таңдау, жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеу және жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік шараларды қолдану бағытында жұмыс істейді.
Министрлік пилот арқылы жаңа тәртіптің іс жүзінде қаншалықты тиімді екенін тексермек. Жоба барысында анықталған мәселелер ескеріліп, жүйе толық іске қосылғанға дейін қажетті өзгерістер енгізіледі.
Жұмысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем әзірге өзгермейді
Ведомство 1 қазаннан басталатын пилоттық жобаны жұмысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлемдегі өзгеріспен шатастырмау керегін атап өтті. Жоба кезінде мұндай төлем бұрынғы тәртіппен беріле береді. Оны алуға құқығы бар азаматтар заңда белгіленген талаптарға сай төлемін ала береді.
Ал әлеуметтік төлем мерзіміне қатысты жаңа талап 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. 2026 жылғы 11 маусымда қабылданған заңға сәйкес, жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі үш ай болады.
"1 қазан – жұмыспен қамту қызметінің жаңа тәртібін сынақтан өткізу басталатын күн. Ал жұмысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлем мерзіміне қатысты өзгеріс 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қана күшіне енеді. Оған дейін әлеуметтік төлем қолданыстағы тәртіп бойынша беріледі. Төлем алуға құқығы бар азаматтар оны заңда белгіленген талаптарға сәйкес ала алады", – деп түсіндірді министрлік.
Қазан-желтоқсан аралығында жаңа тәртіп халыққа түсіндіріледі. Өңірлерде кездесулер мен кеңестер өтіп, мамандар жұмыссыз ретінде тіркелу, әлеуметтік төлем алу және жұмысқа орналасуға көрсетілетін көмек туралы ақпарат береді.
"Жұмыстан шығаруға негіз емес": Астанада туристің видеосынан кейін жұмыстан қуылған полицейлерге қатысты заңгерлер пікір білдірді
