Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстіккореялық компаниялар Alatau City-де қонақүй мен электр станциясын салуы мүмкін

Alatau City
Фото: alatau.city

Қазақстан Оңтүстік Кореяның ірі компанияларымен Alatau City қаласында газ электр станциясы мен қонақүй кешенін салу мәселесін талқылауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Корея Республикасына жұмыс сапары аясында Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Korea Electric Power Corporation (KEPCO), Lotte Hotels & Resorts, Doosan Enerbility және Global Green Growth Institute (GGGI) басшылығымен кездесулер өткізді.

Келіссөздер барысында корей компанияларының Alatau City-дегі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысуы талқыланған.

Атап айтқанда, Doosan Enerbility және GGGI басшылығымен Alatau City-де қуаты 2×250 МВт болатын, кейіннен сутегіге көшу мүмкіндігі бар газ электр стансасын салу мәселесі талқыланды. Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдана отырып іске асыру қарастырылған.

KEPCO корпорациясымен кездесуде Alatau City-дің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту: корей корпорациясының электр энергиясын беру және тарату жүйелерін жобалауға, қосалқы стансалар салуға, ұлттық энергия жүйесімен интеграциялауға және жергілікті электр желілерін қосуға қатысуы талқыланды.

Ал Lotte Hotels & Resorts компаниясымен Alatau City-де L7 by Lotte қонақүйі бар көпфункционалды кешенді іске асыру мүмкіндігі талқыланды. Құны 200 миллион доллардан асатын жоба 180 бөлмелі қонақүйді, кеңсе кеңістіктерін және тұрғын апартаменттерді көздейді.

Қазақстан үкіметінің мәліметінше, қазір Alatau City-дің инвестициялық портфеліне жалпы құны 6,9 миллиард доллар болатын 67 жоба кіреді. Оларды іске асыру нәтижесінде 55 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Alatau Smart City жобасы мен өңірдегі халық жағдайын сынға алғаны туралы жазған едік. Президенттің айтуынша, облыста әлі күнге дейін жарық, су, жол және интернет мәселелері бар.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 20:47