Huawei Қазақстанның 48 университетінде ICT Competition 2026-2027 Roadshow өткізеді
8 қыркүйекте Huawei Қазақстанда Huawei ICT Competition 2026-2027 Roadshow жаңа маусымын бастады. Білім беру туры еліміздің 48 университетін қамтып, 14 қазанға дейін жалғасады.
Roadshow аясында Huawei өкілдерінен құралған команда АКТ бағытында білім алып жатқан студенттермен және оқытушылармен кездеседі. Қатысушылар Huawei ICT Competition 2026-2027 байқауының шарттары, іріктеу кезеңдері және халықаралық технологиялық сайысқа дайындалу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат ала алады.

“Huawei ICT Competition студенттерге университет қабырғасында алған теориялық біліммен шектелмей, оны іс жүзінде сынауға мүмкіндік береді. Биыл Roadshow Қазақстанның 48 жоғары оқу орнын қамтиды. Осылайша біз байқау мүмкіндіктері туралы барынша көп студентке ақпарат беріп, олардың өз күшін сынап көруіне жағдай жасағымыз келеді. Қазақстандағы жас АКТ мамандарының әлеуеті жоғары екенін көріп отырмыз және олардың кәсіби дамуы мен халықаралық тәжірибе алмасуына көбірек мүмкіндік жасауды көздейміз”, – деді Huawei Technologies Kazakhstan бас директоры Сун Ясюй.

Roadshow Huawei ICT Competition 2026-2027 байқауына бастайтын алғашқы кезең болмақ. Университеттердегі кездесулер сериясынан кейін қатысушыларды 30-31 қазанда ұлттық алдын ала іріктеу кезеңі, ал 27 қарашада ұлттық финал күтеді. Өңірлік финал 2027 жылғы наурызға, ал жаһандық финал 2027 жылғы мамырға жоспарланған.
