Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана тұрғындары жастардың ауданға бөлініп төбелесетініне шағымданды

балалар төбелес
Фото: magnific.com

Елорда тұрғындары әлеуметтік желілерде аудан арасында болып жүрген жанжалға қатысты жастардың үстінен шағымданды. Кейбір тұрғындар жасөспірімдерді қараусыз көшеге жіберуге қорықып қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тұрғындардың айтуынша, жастар арасындағы қақтығыстар өткен жылы басталған.

“Мектепті бітіріп жатқан кезіміз еді. Балам өзінің досын біреулер ұрып кеткенін айтты. Аулада да әлдебір ауданнан келгендер осындай әрекет жасаған. Балаға еш себепсіз жәбір көрсеткен. Бір-бірімен не үшін, қандай себеппен төбелесетіні түсініксіз", – дейді тұрғындардың бірі.

Тағы бір тұрғын кешкі уақытта гараждардың маңында жүрген жасөспірімдердің әңгімесін естіп қалған.

"Бір күні кешке тамақтанып отырғанбыз. Жасөспірімдердің дауыстары естілді. Бұл маңда көп жасөспірім жүреді, гараждардың жанында қыдырып, ары-бері жүгіріп өтеді. Балалардың “Бізді қуды, қашып кеттік” дегенін естідім", – дейді ол.

Енді бірі осы жағдайлардан кейін баласын жалғыз жіберуге қорқатынын айтты. 

Астана қаласының полиция департаменті тұрғындардың шағымынан кейін жанжалға қатысы барларды анықтап, бөлімге жеткізген. Кәмелетке толмағандардың ата-аналарына балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Алайда полиция жаппай төбелес болмағанын мәлімдеді.

"Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың жиналуын тоқтатты. Тексеру барысында полицейлер барлық жасөспірімді анықтады. Олармен және заңды өкілдерімен профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Заңды өкілдер кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында төбелес болғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді”, – деп жауап берді полиция.

Тәртіп сақшылары азаматтарды сенімсіз және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 08:14