Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кенесарының бас сүйегімен шарап ішеміз": Қырғызстандық студент қыздар айтқан сөздері үшін кешірім сұрады

Қыздар
Фото: Видеодан скрин

Астанада академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жүрген Қырғызстаннан келген екі студент Кенесары хан туралы айтқан сөздеріне қатысты дау шыққаннан кейін қазақ халқына бейнеүндеу жасап, кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін қырғызстандық екі қыздың Pan VASYL YouTube арнасының авторымен Чат-Рулетка платформасында болған әңгімелерінің үзіндісі тараған. 

Әңгіме барысында қыздардың бірі қазақ халқының тарихына байланысты дау туғызған ой айтқан. 

"Қырғыздар мен қазақтар бір халық, бауырлас халық деп айтады ғой. Бірақ мен қазақтар кейінірек пайда болды деп ойлаймын. Олар бізді туыс деп санайды. Әрине, тіліміз, дәстүріміз, салт-ғұрпымыз ұқсас. Бірақ меніңше, көп нәрсе бізден оларға өткен. Қазақтар қырғыздарды ханның басын қайтармағаны үшін де кінәлаған. Ал оны неге қайтаруымыз керек? Біз дәстүріміз бойынша, жаудың басына шарап құйып ішкенбіз. Көшпелі халық болған соң жаудың басын қайтармауымыз керек деген түсінік болған", – деді қыздардың бірі.

Бұл сөздер Қазақстан мен Қырғызстанның әлеуметтік желілерінде кеңінен талқыланды. Қолданушылар қыздарды қазақтың соңғы ханы туралы айтқан сөздері үшін сынға алды.

Осыдан кейін студент қыздар кешірім сұрап, бейнеүндеу жасады. Олар айтқан сөздерінің дұрыс болмағанын және қазақ халқының ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиуі мүмкін екенін мойындады.

"Сәлеметсіздер ме, құрметті бауырлас қазақ халқы. Менің атым – Арууке, менің атым – Медина. Осы видеоүндеу арқылы сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз. Интернетте тарап жатқан видеода айтылған сөздеріміз үшін сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз. Сонымен қатар блогер тарапынан айтылған үгіт сипатындағы сөздер мен арандатушылық сұрақтарға тоқталғым келеді. Алайда бұл біздің тарапымыздан айтылған сөздерді еш ақтамайды. Сондықтан бүкіл бауырлас қазақ халқынан шын жүректен кешірім сұраймыз. Біз өз жауапкершілігімізді түсінеміз. Қандай жағдай болмасын, басқа халықтың намысына тиетін сөздер айтуға болмайды", - деді олар.

Олар  ешқашан қазақ халқын қорлау немесе жаман атқа қалдыруды мақсат етпегендерін алға тартты.

“Дұрыс айтылмаған сөздерімізге қатты өкінеміз және Қазақстандағы бауырларымыздан шын жүректен кешірім сұраймыз. Тағы да бір рет кешірім сұрағым келеді. Қырғыз халқына, қазақ халқына, ұстаздарымыз бен ата-анамызға мұндай жағдай енді қайталанбауы керек және қайталанбайды деп сөз береміз. Тағы да сіздерден шын жүректен кешірім сұраймыз", – деді студенттер видеоүндеуінде.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан көшпенділер ойындарында Қазақстан жеңіске жеткеннен кейін медальдар есебін алып тастағаны туралы жазған едік. Артынша Қырғызстан президенті әкімшілігі Қазақстан 2026 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында медальдар есебі бойынша бірінші орын алғанын мәлімдеп, дауға нүкте қойған. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2026 18:57