Қырғызстан Қазақстанның жеңісін мойындап, ойындағы дауға нүкте қойылды
Қырғызстан президенті әкімшілігі Қазақстан 2026 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында медальдар есебі бойынша бірінші орын алғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қырғызстан президенті әкімшілігінің мәліметінше, Қазақстан 2026 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпы командалық есепте бірінші орын иеленді.
"Командалық есепте медальдарды санау кезінде техникалық сәйкессіздік орын алды. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысы жеңіп алған медальдарды жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпы командалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!" – деп хабарлады Sputnik Қырғызстан.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғанын хабарлаған еді. Ал Қырғызстан құрамасында 30 алтын болған.
Алайда кейін Қырғызстандағы ұйымдастырушылар Қазақстанның нәтижесін 29 алтынға дейін төмендетіп, Қырғызстанды 30 алтынмен бірінші орынға шығарған басқа медаль кестесін жариялады. Осылайша Қазақстан жалпы есепте екінші орынға түсті. Кейін даулы кесте әлеуметтік желілерден және ресми сайттан өшірілді. Кейін Қырғызстан тарапы Ойындар тұжырымдамасына сәйкес ресми жалпыкомандалық медаль есебі жүргізілмейтінін мәлімдеді.
Қазақстандықтар 3600 орындық елордалық стадион мен "Бішкек Аренаның" қаражатын салыстырды